Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Қызметкерлерім қазақша сөйлеуге міндетті емес": Астанадағы кофехана қазақ тіліне қатысты даудан кейін жұмыс істемей қалған

Әлеуметтік желіде елордадағы Qazaq Coffee кофеханасы төңірегіндегі дау қызу талқыланып жатыр. Оқиға 2ГИС қосымшасындағы пікірден басталған. Кайрат Ибраев есімді қала тұрғыны кофехананың қазақша мәзірі жоқ екеніне шағымданған. Алайда әкімшілік қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес екенін мәлімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: 2ГИС

Кофехана әкімшілігі жауап ретінде "қызметкерлерім қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес" деп мәлімдеді. Бұл пікір қоғамда үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желі қолданушыларының сынына ұшырады. Қолданушылардың көбі мекемені қазақ тілін құрметтемейді деп айыптады және оны жабуға шақырды.

Осылайша Qazaq Coffee өз есігін жауып, оқиға көпшіліктің назарында қалды. Бұл жағдай Қазақстанда мемлекеттік тілге қатысты мәселелердің әлі де өзекті екенін көрсетті.

"Қайырлы кеш, менің қызметкерлерім қазақ тілінде сөйлеуге міндетті емес. Ешбір мекемеде қазақ тілі толыққанды қолданылмайды. Тіпті құжаттама 50/50, орыс және қазақ тілдерінде жүргізіледі", – деп жауап берді әкімшілік астаналық тұрғынға.

Фото: 2ГИС-тен скринделген

Бұл мәлімдеме әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын күшейтті. 2ГИС қосымшасындағы Qazaq Coffee-ге қолданушылардан қарсы пікірлер ағыны жауды. Қазір ондағы пікір саны 16 мыңға жуықтады. Ал кофехананың рейтингі 1,1 жұлдызға дейін төмендеді. 

Фото: 2ГИС-тен скринделген

Жағдай ушыға түскен соң, мекеме Instagram парақшасында кешірім сұрап, кейіннен парақшасын мүлдем өшіріп тастады. 

Қазақстандық белгілі блогер Нұрболхан Шарап мекеменің желідегі жаңа парақшасын тауып алып, "Қазақша мәзiр қойыңдар дедiк пе, қойыңдар...! Болмаса аттарыңды "Орыс кофе" деп ауыстырыңдар" деп жазды.

Басқа да қолданушылар "Қазақ тілін құрметтемегендерді біз де құрметтемейміз!" деп пікір қалдырған.

"Масқара! Жаңа парақшаңызды да тауып алдық. Осы кофехананың иесіне жолдау: жабыла салыңыз!", "Атауды өзгертіңдер!", "Қазақтың ақшасы керек екен де, тілі керек емес екен ғой сендерге... Қазақша мәзір жазып қойсаңдар, бір жерлерің түсіп қала ма? Тұрып жатқан елдің тілін сыйламау деген недеген сауатсыздық, недеген надандық!", "2GIS-ке арызданып, басқа аккаунт ашып, өшірсеңіздер де тауып аламыз. Бәрібір, бизнестерің бітті. Қазақ тілінде сөйлегілерің келмесе, қазақтың жерінде бизнес ашпаңдар. Қазақтарды мал деп жатыр ұялмай қызармай. Көрдік сендер секілді талай бизнесменді, кешірім күтеміз", "Қызметкерлер қазақ тілінде қызмет көрсетуге тиіс және мәзір ҚАЗАҚ тілінде болуы керек!" "Мемлекеттік тіл және орыс тілінде болса, еш дау болмайтын еді. Қазақстанда тұрып, тіпті Qazaq coffee деп кофехана ашу тіптен қисынға келмейді. Өздеріңізді алдап, елді алдап, не істеп жүрсіздер? Одан да, "Қазақ" сөзіне тиіспей, басқа жол табуларыңызды сұраймын. Масқара жағдай", – деп жазды қазақстандықтар ашуланып.

Редакция тілшісі компанияның Астанадағы мекенжайына хабарласып көргенімен, әкімшілік телефон тұтқасын көтермеді. 2ГИС қосымшасында “Сәкен Сейфуллин 8” мекенжайындағы кофехана уақытша істемейтінін мәлімдеген.

Фото: 2ГИС-тен скринделген

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Желтоқсан, 2024 14:25
Талқылау