Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Педофилдерді өлім жазасына кесуге қарсымын": Белгілі қазақстандық адвокат неліктен қатаң жазаға қарсы екенін айтты

Сәтпаев қаласындағы 5 жасар қызды ұрлау және зорлау фактісінен кейін желілерде педофилге өлім жазасын енгізуді сұрап, қолдап жатқандардың қарасы көп. Ал қазақстандық белгілі заңгер Абзал Құспан елімізде педофилге өлім жазасын енгізуге қарсы екенін айтты. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

педофиль

Желідегі жазбасында педофилді өлтіру жазасына қарсы екенін айтқан Абзал Құспан оның бірнеше себебін түсіндіріп берді. 

"Ең негізгі сұрақ өлім жазасын енгізуге қатысты; 
қарсымын, себеп:
- ҚР құқық қорғау жүйесі, оның ішінде сот қызметінің сапасы сын көтермейді, соның салдарынан жазықсыз адамдар істі болу қаупі өте жоғары, оған себеп;

а) Қылмыстың бәрі айқын сипатқа ие бола бермейді, тиісінше резонансты істерді қалайда ашу мақсатында ҚҚ органдары іске қатысы жоқ адамды құрбан ете салуы мүмкін. Және оған олар саналы түрде барады. Әдетте, ондай адамдар (құрбан/жертва) не қаржысы, не ықпалды танысы (тірегі), тиісінше сұрауы жоқ қарапайым отбасы мүшелерінен таңдалып алынады. Ал сотымыз алдына келгенді соттай салатынына күмәніңіз болмасын!

ә) Қателік. Тергеуде де, сотта да адами фактор әсері тым жоғары. Сот қателігі - жемқорлық пен дилетантизм батпағында қайраңдаған ҚР тұрмақ, небір дамыған елдерде де орын алуда, оған тарихтан мысал жетеді.

б) Кәсібиліктің төмендігі/жоқтығы. Басқа саланы білмесемде, ҚҚ жүйесінде дилетанттар жетіп-артылады! Оның үстіне соңғы кезде жаппай орын алған, заңгер мамандығына кез-келген жерде, кез-келген ЖОО-да дайындай беру де бүгіндері өз жемісін беруде", - дейді заңгер. Оның сөзінше мұндай ауыр қылмысқа үкім шығармас бұрын байыптылық керек.

"Байыптылық керек. Жалпы адам тағдыры таразыға салынар тұста, дүрмекке еруге, эмоцияға бой алдыруға болмайды. Құқық ғылымы адамзат тарихындағы ең алғашқы ғылымдар қатарына жатады. Ол одан бері дамыды, жетілді, кемелденді. Сондықтан заңға өзгеріс енгізуде ең бірінші кезекте ғылыми негіздеме басшылыққа алынуы тиіс!", - деп қадап айтқан ол қылмыс пен қылмыскерге қатысты өз ойын айта кетті. 

"Қылмыс табиғаты. Қылмыс адамзат жаралғалы пайда болған құбылыс, қияметке дейін жалғасады деп ойлаймын. Азаюы, көбеюі мүмкін бірақ біржола жойылмайды ау. Құранда да, Библияда да Адам ата мен Хауа анадан туған ағайынды Әбіл мен Қабыл бір-бірін өлтіреді емес пе?! Сондықтан ату жазасы енгізілсе қылмыс тоқтап қалады деудің қисыны жоқ.

Қылмыскер табиғаты. Әдетте қылмыскер қылмыстық кодексті ашып “мен ұсталып қалсам, қандай жаза күтіп тұр, одан қалай құтыламын” - деп отырмайды. Барлық қылмыскерге тән ортақ нәрсе өздерін ешқашан ұстатпайтын Фантомас сезінетіндері. Әйтпесе, қазіргі өзгеріс бойынша ең кемі 10 жыл айрықша режимге сотталу және кастрацияға ешқайсысы қуана қоймасы анық", - дейді Абзал Құспан.

Заңгердің сөзіне сүйенсек, елімізде педофилия көбейіп кетті деген статистика нақты емес. Абзал Құспан мұндай ақпаратқа сенгісі де келмейді. Өйткені еш жерден нақты дәлел-дәйек көре қоймаған. Бұлдіршіндерге жыныстық зорлық көрсетіндерлі ауру екенін айтқан ол бірінші оларды емдеп, сосын қылмысқа тарту керек деп түйеді. 

"Педофил - ол бірінші кезекте ауру адам, сосын барып қылмыскер! Сондықтан кез-келген ауруды емдегендей оны емдеп, сосын жазасын беру керек, оның ішіне әрине кастрация да кіреді", - дейді Абзал Құспан. 

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 27 Шілде, 2020 15:50
Талқылау