Пайдасы мен зияны: Мехенди салдырған дұрыс па?
Әйелдердің сәндік үшін денеге қынамен сурет салдыруы ежелден келе жатқан әдіс. Тіпті тылсым қара күштерден қорғайтын тұмар ретінде де кеңінен қолданылады. Соңғы кезде ақтөбелік қыз-келіншектер де сұлулықтың бұл түрімен әуестене бастады. Сонымен қынамен сурет салдырған дұрыс па? Мұсылман қыздарға рұқсат етілген бе? Бұл туралы мамандардан сұрап, білдік.
Қыз-келіншектер арасында әсемдік үшін мехенди аталып кеткен, яғни қынамен денеге сурет салу өнерінің тарихы тереңде. Бұл өнер біздің дәуірден бес мың жыл бұрын ежелгі Египетте пайда болыпты. Египеттік әйелдер қолы мен аяғына қына жағып сәнденеді екен. Кейін XII ғасырда Үндістанға тарайды. Үндістандық әйелдер мехенди бақыт пен қуаныш әкеледі деп сенеді. Әсіресе, қалыңдықтар ұзатылу тойының алдында қолы мен аяғына қынамен сурет салдыруды дәстүрге айналдырған. Бұл некенің беріктігін сақтауға септігін тигізеді және қынамен салынған сурет әйелдерді тылсым қара күштерден қорғайды деп сенеді. Ислам діні де әйелдердің қолын қынамен бояуына тыйым салмаған. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қолыңды (қынамен) боя. Сендердің араларыңда кейбіреулер қолын боямай, еркектің қолы секілді жүре береді екен» (islam.kz)деген хадисі әйелдерге қынаны қолдануға кеңес береді. Араб мемлекеттерінде мұсылман әйелдер қолын қынамен бояуды әдетке айналдырған. Әлі күнге дейін бұл дәстүр берік сақталып келеді, деп жазады Ақтөбе газеті.
Сұлулық индустриясы дамыған сайын қынамен бояушылар да тек қана дәстүрлі суреттерді емес, түрлі бейнелерді сала бастады. Қазір гүлдер, тіпті жәндіктердің де бейнесін салатындар кездеседі.
Ақтөбелік қыз-келіншектердің арасында мехенди өнерімен айналысатындар бар. Ақтөбелік Аяна Қабылованың бұл іспен шұғылданғанына төрт жылдан асыпты. Бес уақыт намазын үзбейтін келіншектің сүйікті ісі — мехенди. Қынамен сурет салудың қыр-сырын алғаш интернет арқылы ресейлік қыз-келіншектерден үйреніпті. Ал қазір өзі шеберлік кластарын өткізеді. Аянаның айтуынша, қынамен сурет салудың үш, яғни үндістандық, арабиялық және солтүстікафрикалық түрі бар. Негізінен өзі алғашқы екі түрдің дәстүрлі суреттерін қолданады.
Үндістанда мехенди өнері, яғни денеге қынамен сурет салдыру белгілі бір сенімге негізделген. Әрбір сурет белгілі бір ойды білдіреді. Ал мұсылман елдерінде тек қана сәндік үшін салынады. Себебі намаз оқитын қыз-келіншектер тырнағын боямайды. Сондықтан қынамен қолына сурет салып, тіпті қасы мен шашын бояйды. Жалпы табиғи қынаның пайдасы көп. Ілгеріде қынаны антисептикалық зат ретінде пайдаланған. Мәселен, ауырған аяққа қына жағып қояды екен.
“Мен мехендиге тек қана табиғи қынаны қолданамын. Табиғи қынаның түсі қоңыр болады. Ал жасанды қынаның түрі көп. Көк, қызыл қоңыр, қара түстілері бар. Табиғи қына аллергия тудырмайды, емдік қасиетке бай. Тіпті жүкті әйелдерге де пайдалануға болады. Ал синтетикалық қынаны кез келген әйел қолдана алмайды. Мәселен, қара қынаның құрамында парафенилендиамин болады. Ол теріні күйдіріп, аллергия тудыруы, тіпті дерматитке ұшыратуы мүмкін. Тыныс алу жолдарына зиянын тигізеді. Сондықтан қыз-келіншектердің синтетикалық қынамен сурет салдырмағаны жөн. Көп жағдайда қыздар татудың орнына сурет ұзақ сақталуы үшін осы қына түрін пайдаланады”, — дейді Аяна.
Аянаға әзірбайжан қыздары көп келеді. Олар тұрмысқа шығар алдындағы қыз күнімен қоштасу кешіне аяқ-қолдарына қынамен сурет салдырып барады. Ал қазақ пен орыс қыздары той алдында «ақ қына» аталатын синтетикалық қынаны пайдаланады. Аяна салатын суреттің құны мың теңгеден басталып, суреттің күрделілігіне қарай өсе түседі. Мәселен, екі қолға салынған сурет үш жарым мың теңге тұрады. Табиғи қынамен салынған сурет жеті, он күнге дейін кетпейді. Қына ұзақ сақталуы үшін уақытша монша мен саунаға бармаған жөн. Ыдыс -аяқты арнайы қолғап киіп жуса, қына ұзақ тұрады. Аяна мехендиді салдыру үшін арнайы шеберге барған жөн екенін ескертеді. Себебі, білмейтін маман сапасыз бояуларды қолдануы мүмкін. Ал Аянаның өзі қынаны Үндістаннан арнайы интернет арқылы алдырады. Оның қабылдауына мекеме қызметкерлері мен тіпті дәрігерлерге дейін келеді екен.
Тағы да оқыңыз:
Ұзақ өмір сүрудің жапонша 11 тәсілі
Құлпынайды денсаулығыңызға зиян келтірмейтіндей қалай дұрыс таңдау керек?