Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пайдалы қазбалардан түсетін табыс қазақстандықтарға беріле ме

Заң ғылымдарының докторы Ермек Әбдірасылов Конституцияға енгізілетін "жердің және табиғат ресурстарының иесі халық" деген норманы түсіндіріп, одан түсетін табыстың бір бөлігін халыққа беру мәселесіне түсінік берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Айта кетсек, маман конституциялық түзетулерді әзірлеген жұмыс тобының құрамына кіреді. 

"Бұл – императивтік норма, жер, жер қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне қатысты конституциялық ереженің негізгі бөлімі. Бұның барлығы халыққа тиесілі, сөзсіз солай ғой. Осы норманы енгізіп отыр. Енді, халық, әрбір адам өзі табиғат байлықтарына иелік етіп таратса, хаос мен тәртіпсіздік болады. Сондықтан мемлекет халықтың атынан меншік құқығын іске асырады. Президент те, парламент те халықпен сайланады ғой. Барлық шешім ақылдасып шығарылады. Ең бастысы, мемлекет елдің мүддесін көздеуі тиіс", - деді Әбдірасылов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Осы орайда тілшілер болашақта табиғи ресурстардан түсетін табыстың бір бөлігін халық тарату мәселесін қозғап, оны іске асыру мүмкіндігін сұрады. Заңгердің айтуынша, ол мәселені халықтың парламенттегі өкілдері – депутаттар көтеруі керек.

"Меніңше, арнайы заңдар болады. Сонда Конституцияның императивтік нормасы, яғни, "жер мен табиғат ресурстары халыққа тиесілі" деген міндетті норманың негізінде басқа мәселелерді барынша айқындайтын нормалар қабылданады. Дәл қазір солай болады деп айту қиын. Оны парламенттегі халықтың өкілдері шешеді деп ойлаймын. Әрине, президент пен үкімет те атсалысады. Сөйтіп, бірлесіп шешіледі", - деп атап көрсетті Әбдірасылов.

Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды саналатын жерге иелік ету мәселесін шешу қажеттігіне арнайы тоқталған болатын. Осыған байланысты президенті "Жердің және табиғат ресурстарының иесі - халық" деген норманы Конституцияда біржола бекітуді ұсынды.

"Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: "Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы", – деді Тоқаев Ақордада өткен жиында.

Талқылау