Павлодарлық тұрғын әкесінің өліміне өрт сөндірушілерді кінәлап отыр
Павлодар қаласының тұрғыны Евгений Волынкин қарт әкесінің өліміне оны өрт құрсауынан алып шықпаған өрт сөндірушілерді кінәлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен жылдың көктемінде "Надежда" бау-бақша қоғамындағы 60 гектар алқаптан өрт шыққан. Сол кезде қала маңындағы 300-ден астам саяжай телімі зардап шекті. Өртке оранған саяжай телімдерінің бірінен ер адамның мәйіті табылған еді. Кейін марқұмның зейнеткер Анатолий Волынкин екені белгілі болды. Енді зейнеткерді ұлы Евгений Волыкин әкесінің өліміне құтқарушыларды кінәлайды.
“Осыған жауапты құзырлы органдар дұрыс эвакуацияласа әкем аман қалар еді. Бұл ісіне деген салғырттық, кәсіби міндетті орындамау деп білемін. Әкемнің өліміне ТЖД жауапты деп есептеймін”, – дейді Евгений Волыкин.
Саяжайдағы өртті жүздеген өрт сөндіруші ауыздықтады. Оқиға орнынан адам денесінің табылуына байланысты олардың жұмысын арнайы комиссия зерттеді. Нәтижесінде құтқарушыларға егқандай шағым түспеді.
“Зейнеткер эвакуацияланғаннан кейін өртеніп жатқан жерге қайта барған деген болжам бар. Барлық қажетті материалдар, радиостанциялар мен телефон хабарламалары тексерілді. Нәтижесінде Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінің тарапынан нұсқаулықтарды бұзу немесе орындамау деректері анықталмады”, – дейді Павлодар қаласы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Тілекжан Галлямов.
Зейнеткердің өлімін полиция тексерді.
“Қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты ҚК-тің 371-бабы бойынша ("Салғырттық") сотқа дейінгі тергеу тоқтатылды”, – дейді облыстық ПД баспасөз қызметі жетекшісінің міндетін атқарушы Алма Мұсабекова.
Алайда марқұмның ұлы құқық қорғау органдарының уәжімен келіспейді. Евгений Волыкин сот-медициналық сараптама жасатты.
“Сот-медициналық сараптама мәйіттің толық күйіп кетуіне байланысты өлім себебін анықтау мүмкін емес деп отыр. Сондай-ақ сот-медициналық сараптамада оның өкпесі мен кеңірдегінен күйе, қалдық, күл қалдықтары табылғанын көрсетті. Менің ойымша ол денесі табылған жерде емес, үйде өртеніп кеткен. Сондай-ақ істе әкемді үйден алып шығарғаны туралы қарауылдың түсініктемесі бар. Бұл істе өзгешеліктер көп”, – дейді марқұмның ұлы.
Евгений Волынкиннің ойынша, өрт кезінде әкесі өз саяжайында болған, ал құтқарушылар үйде адамдардың бар-жоғын тексермеген. Ер адам өзінің өз сөзінің дұрыстығын прокуратурада дәлелдемек.