Павлодарлық студенттердің тамақ сапасына қатысты шағымы әзіл болып шықты
Павлодарлық студенттердің өздерінің тегін түскі асын көрсетіп түсірген бейнежазбасы желілерде тез тарап кеткен еді. Жазбада білім алушылар ыдысқа жабысып қалған тамақты көрсетеді. Алайда кешке қарай видеоның авторы табылып, ол өзінің бұл жазбаны әзіл ретінде жазғанын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Astana tv" арнасына сілтеме жасап.
Павлодар қаласында орналасқан колледждің бірінші курс студентінің айтуынша, желі қолданушылары оны дұрыс түсінбей қалған. Еркебұлан Байсалов ботқаның қалған бөлігін жинап жүріп, тамақтың небәрі жарты сағаттың ішінде ыдысқа жабысып қалғанын байқағанын айтады. Осыдан кейін білім алушылар әзіл видеосын түсіруге шешім қабылдаған.
"Адамдар бейнежазбаның сыни контекстін кесіп алып, желіде таратып жіберген. Онда мен тамағымызды көрсетіп: "Бұған ешқандай гипс қосылмаған, біздің асымыз осындай", – деймін. Мұның барлығын мен әзіл түрінде айтқанмын, тек адамдар дұрыс түсінбей дау тудырып жіберді", – дейді Павлодар құрастыру колледжінің студенті Еркебұлан Байсалов.
Колледж басшылығы аспен қамтамасыз етушілермен жыл басынан бері жұмыс істеп келе жатқанын жеткізді. Ата-аналар мен оқушылар тарапынан шағым бұған дейін түспеген. Бірақ сонда да тексеру жүргізілетінін айтты. Егер бұзушылықтар анықталатын болса, кінәлілер жауап тартылатынын да айтып өтті.
"Оқу жылының басынан бері біздің мекемеде ЖК Айгужинова жұмыс жасайды. Қазіргі таңда колледж асханасында 262 студент тамақтанады. Жалпы аспазшылардың жұмысында ешқандай кінәрат жоқ, тамақтанғаннан кейін де ешкім өзін нашар сезініп көрмеген", – деді Павлодар құрастыру колледжінің басшысы Ренат Дүйсекенов.
Еске салайық, бұған дейін түскі астарын түсіріп, шағымданған студенттердің бейнежазбасы желілерде тарап, жұртшылықтың наразылығын туғызған болатын.