Павлодардағы асфальттің опырылуы: әйел мен баланы қалай құтқарып қалды
Павлодарда опырылған асфальт астына құлап кеткен әйел мен төрт жасар қызды құтқаруға Ұлттық гвардияның әскери қызметкері келген.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Шұңқырдың тым тереңдігіне байланысты, зардап шеккендер өз бетімен шыға алмаған.
2016 жылдың 3 қазан күні сағат 11 шамасында Павлодарда 6679 әскери бөлімінің қызметкері, прапорщик Анвар Каюмов жеке автокөлігімен 1 мамыр көшесі бағытында кетіп бара жатады. Лермонтов мен 1 мамыр көшелері қиылысына тоқтаған ол әйелдің көмек шақырып айқайлаған дауысын естиді.
Жан-жағына қараған Каюмов асфальттің опырылып жатқанын байқайды. Кәріз құбырының да бұзылуына байланысты, асфальт үстін былғап тастаған. Прапорщик Каюмов ойланып жатпастан бірден зардап шеккен екі адамды құтқаруға кірісіп кетеді. Шұңқырдың тереңдігі шамамен 3 метрдей болады екен.
Ол сол тереңдіктен адамдарды тартып шығару үшін жүк салғыштан көлік сүйрейтін шынжырды алып, оны автокөлікке жалғап, содан ұстап шұңқыр ішіне түседі.
Әуелі ол жоғарыға кішкентай қызды шығарады. Сосын қайтадан төмен түсіп, әйелге көмектескен. Каюмов зардап шеккендерді қауіпсіз орынға шығарып болғаннан кейін бірден шұғыл қызмет бөліміне хабарласып, жұмысқа кетеді. Сосын Ұлттық гвардияның баспасөз қызметіне болған жағдайды түсіндіріп берген.
Бейбіт азаматтардың өмірін құтқарғаны үшін прапорщик Каюмов жоғары қолбасшылықтың мадақтамасына ұсынылған. Қала әкімінің орынбасары Андрей Балашовтың айтуынша, кәріз коллектрінде апат орын алып, нәтижесінде асфальт ішке қарай опырылып түскен. Сол жерде тереңдігі бес метрдей болатын алып шұңқыр қалды. Дәл сол шұңқырға тура сол сәтте өтіп бара жатқан егде әйел мен қыз құлап кетіпті.
Оқи отырыңыз:
Өскеменде 9 жасар қыздың алдында шешінген ер адамды іздеп жатыр
Шариғат бойынша зират қасынан өткенде бет сипау дұрыс па