Павлодардағы шенеуніктер студенттерге қымбат шетелдік көліктер сатып алмақ болған

Павлодар облысының cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері бюджет қаражаты есебінен қымбат көлік сатып алуға жол бермеді. Облыстық білім басқармасы құны 22 миллион теңгеден асатын жаңа көлік сатып алмақ болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ардақ Балғожин жағдайға түсініктеме берді.

"Павлодар облысының білім беру басқармасы жалпы сомасы 22 255 200 теңгеге двигатель көлемі екі мың текше сантиметрден асатын екі автомобиль сатып алуды жоспарлады. Қазақстан Президентінің 2020 жылғы 25 мамырдағы өкіміне сәйкес ЕЭО елдерінде өндірілмеген, двигателінің көлемі екі мың текше сантиметрден асатын, базалық жиынтықтан жоғары жеңіл көлік құралдарын сатып алуға тыйым салынған. Департамент тиісті хабарламаны жіберді. Нәтижесінде аталған сатып алулардан бас тарту туралы шешім қабылданды", - деді ол.

Бұл ретте облыстың білім басқармасы автокөліктерді қызмет бабында пайдалану үшін емес, болашақ авто жөндеу мамандарын даярлайтын Павлодар техникалық сервис колледжінің материалдық-техникалық базасын жаңарту үшін сатып алу жоспарланғанын мәлімдеді. Оқу орны "Жас маман" жобасын іске асыруға қатысады, онда басты шарт - заманауи шетелдік жабдықтардың болуы.

"Біз Павлодар техникалық сервис колледжі үшін Қазақстанда үлкен сұранысқа ие, дәл осы үлкен қозғалтқыш көлемі бар шетелдік өндірілген машиналарды сатып алуды жоспарладық. Бұл Toyota Camry маркалы автомобильдер. Біз балаларымыздың дәл осындай машиналарда оқығанын, оларды жөндеуді, бөлшектеуді, жинауды білгенін қаладық. Бұл машиналар маған, колледж басшысына емес, білім беру мақсатында, үлгі ретінде пайдалану үшін қажет болды. Бірақ бюджеттік комиссия бізге рұқсат бермеді. Қазір қолжетімді түрлерін сатып алдық, бірақ ойдағыдай емес", - деп түсіндірді облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.

Айта кетейік, осы жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 460 миллион теңгені үнемдеді.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр