Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодардағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің баланы ұрып-соққаны видеоға түсіп қалды

Әлеуметтік желілерде балабақшада әйелдің баланы төсекке жатқызып, оны бірнеше рет ұрған видеосы пайда болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Видеоға Павлодар облысының білім басқармасы түсінік берді. 

"Бейнебақылау камерасындағы жазбаны қарау кезінде Павлодар қаласындағы №4 балабақшада тәрбиеші көмекшісі балаға қол жұмсағаны анықталды", - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

9 тамызда № 4 балабақша әкімшілігіне "Б" кіші тобындағы баланың анасы қызының аяғы көгергенін айтып шағымданған. Бақылау камерасын қарау кезінде бала аяғын кереуеттің шетіне өзі ұрып алғаны белгілі болды.

"Бейнебақылау камерасын тексеру кезінде тәрбиеленуші кереуеттің шетіне өзі соғылғаны анықталды. Алайда камералардан жазбаларды одан әрі қараған кезде тәрбиеші көмекшісінің "Б" кіші тобының тәрбиеленушісін ұрғаны анықталды. Бұл жағдай 9 тамызда ұйықтайтын бөлмеде балаларды күндізгі ұйқыға жатқызу кезінде болған", - деп түсіндірді Павлодар Білім беру бөлімі өкілі.

Осыған орай мектепке дейінгі ұйым басшысының міндетін атқарушыдан, тәрбиеші көмекшісінен түсініктеме алынды. Жұмыс берушінің бастамасымен тәрбиеші көмекшісімен еңбек шарты бұзылған.

"Жұмыс берушінің бастамасымен кіші топ тәрбиешісі көмекшісінің еңбекшарты бұзылды. Дұрыс бақыламағаны үшін мекеме басшысының міндетін атқарушыға сөгіс түрінде тәртіптік жазалау шаралары қабылданды", - деді Павлодар қаласының білім беру бөлімі қызметкері.

Сонымен қатар бақылау жасамағаны үшін мекеме басшысына сөгіс жарияланды. Одан әрі тексеру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді. 

Талқылау