Павлодарда жұмысшылар топырақ астынан адам сүйектерін тауып алды
Павлодар облысында жұрт жаңадан салынып жатқан құдық суын ішуге бата алмай отыр. Бұған елді мекен көшелерінің бірінде табылған ескі қорым себеп. Мыңнан аса халқы бар Ямышев ауылында биыл су құбырларын тарта бастаған жұмысшылар топырақ арасынан адам сүйектерін тапқан. Жұмысты тоқтатпаған олар қаңқаларды сол жерге тастап, үстінен құбыр тартуды жалғастыра беріпті. Мұны байқаған ауылдықтар енді марқұмдардың өліміне нақты ненің себеп болғанын білмейінше тіршілік нәрін пайдаланбаймыз деп отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
300 жылдық тарихы бар Ямышев ауылының тұрғындары бір аптадан бері үрейленіп отыр. Бұған елді мекен көшелерінің бірінен шыққан адам қаңқалары себеп. «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша мұнда су құбырларын тарта бастаған жұмысшылар топырақ арасынан адам сүйектерін тауыпты. Бірақ жұмысты тоқтатпай, қаңқалардың үстінен құбырды төсей салған.
“Экскаватор адамның бас сүйегін сыртқа лақтырып жіберді. Бірнеше метр тереңдіктен шыққан онда шаш барын көргенде әйел адамға тиесілі екеніне көз жеткіздім. Бала кезімде әкемнің осы маңда ескі қорым бар дегеніне сенбеуші едім. Жұмысшыларға арнайы мамандарды шақырту керек деп едім, құлақ аспады”, – дейді Ямышев ауылының тұрғыны Виталий Чибисов.
Үйінің түбінде адам сүйектері жатқанын естігендер болса, мазалары әбден қашқан соң білгендерін істепті.
Үрейленген жұрт мұнда арнайы діни рәсімді де жасаған. Ол үшін мәйіттер табылған мына көше бойына сүт пен арақты түгел төгіп шыққан. Бұл өз кезегінде өлілердің тірілерден кек алмауы үшін жасалатын ырымы көрінеді.
Ал биыл ауыз суға жетеміз деп қуанған жұрт бұл жайттан соң тіршілік нәрін ішу түгілі тұрмыста пайдаланудан қорқып отыр. Өйткені мұнда көмілген қаңқалардың нақты қай кезеңге тиесілі екенін ешкім білмейді. Десе де, мұнда шіркеу мен ескі қорымның болғанын естігендер жоқ емес.
“Кезінде адамдар тырысқақ, сүзек, құрт ауруларынан көз жұмған. Бұл марқұмдардың сол дерттерден өлмегеніне кім кепілдік бере алады?Еш тексеріс жүргізбестен ауыз су құбырларын солардың үстінен салып жатыр”, – дейді Ямышев ауылының тұрғыны Сергей Городничев.
Бұл жағдайдан ауыл әкімдігіндегілер де құлағдар. Жұртты сабырға шақырған олар жақын арада қаңқалар түгел зерттеледі деп сендірді.
“Археологтарды тосып отырмыз. Олар келген соң мынаның бәрін зерттеп, жерлеуге шешім қабылдаймыз, әкімшілік қабылдайды”, – дейді Ямышев ауылдық әкімдігінің бас маманы Диас Құрманәлиев.
Ал археологтар келіп жеткенше ауыл иттері көмілмей қалған адам сүйектерін әр жерге тасып, мүжіп жүр. Үрейленген тұрғындар болса, арнайы зерттеу жүргізілмейінше құдықтан су ішпейміз деп бекініп отыр.
Жіберіп алмаңыз:
Семей тұрғыны жалға алған пәтерін есірткі ордасына айналдырған
Белсенділер жүкті әйелдерге шылым шегуге заңмен тыйым салуды сұрады