Павлодарда көлігін құшақтап жылаған қария жұрттың көңілін елжіретті (видео)
Павлодарда тұрғындар "ЗАЗ" көлігімен жол-көлік оқиғасына түскен қарияға көмектесу үшін қаржы жинауды ұсынды. Қарияның видеосы желідегі парақшалардың бірінде жарияланған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қария Луначарск пен Мәшһүр Жүсіп көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасына тап болған. Видеодан "Запорожец" көлігінің жанында тұрған қарияны көруге болады. Автор қарияның қаймығып қалғанын айтады.
Жазба астына ондаған адам пікір қалдырып, оған көмек көрсетуді ұсынған.
"Қала болып ақша жинайық, кім қанша бере алады. Қала үлкен, атаға "Жигулиге" ақша жинайық!", "Байқұс ата, уайымдап тұр, көлігі асырап отырған шығар", "Атаға обал болған. Денсаулығына зиян келмеген. Ақша жинайық", "Қарияға ақша жинауды мен де қолдаймын. Барлығымыз осындай боламыз. Бізге қамқор болатын адамдар бұйырсын. Балалары, немерелерінің бар-жоғын анықтау керек. Барлығымыз көмектесейік", – деп жазды желі қолданушылар.
Ал полиция департаменті жүргізушілердің жол-көлік оқиғасы жөнінде хабарламағанын айтты.
Көп ұзамай Семей тұрғыны қарияға "Запарожец" көлігін сыйлауға әзір екенін мәлімдеді.