Павлодарда сәбиімен отырған әйелді қағып кеткен мас жүргізуші ұсталды
Павлодарда қарт әйелді арбадағы нәрестесімен бірге қағып кеткен жүргізуші қамауға алынды. Жол көлік оқиғасын тудырған ер адам мас күйде болған. Енді оны бір жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Павлодар облысы Полиция департаментінде хабарланғандай, апат 28 тамызда сағат 19.32-де болған.
"Чокина көшесіндегі 95 үйдің ауласында мас күйінде болған Toyota Camry Gracia көлігінің 39 жастағы жүргізушісі 1946 жылы туған әйел мен 2021 жылы туған нәрестені қағып кеткен. Апат салдарынан түрлі жарақат алған жәбірленушілер ауруханаға жеткізілді", – деді Павлодар облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Автокөлік айыптұраққа қойылған. Полиция бұл факті бойынша жүргізушіге қатысты ҚР ҚК 345-1 бабының 1 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын атап өтті. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Естеріңізге сала кетейік, ауруханаға 4 айлық қыз бен 75 жастағы зейнеткер орташа ауыр жағдайда жеткізілген. Сәбидің жабық бассүйек-ми жарақатын алғаны туралы хабарланды, ал қарт әйелде жамбас сүйектерінің, оң жақ тізе буыны мен кеудесінің көгеруі анықталды. Куәгерлердің айтуынша, жүргізуші қарт әйел немересімен бірге отырған орынға келіп соқтығысқан.
Ресми мәліметтер бойынша, ағымдағы жылдың басынан бері Павлодар облысы аумағында 278 жол -көлік оқиғасы тіркелген, оның ішінде алты жол-көлік оқиғасы мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің қатысуымен. Алты жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қайтыс болып, тағы сегізі жарақат алған.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
