Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда полицейлер таяққа сүйенген қарияны сүйрелеген

Павлодарда тұрғындар полицейлермен төбелесе жаздады. Тәртіп сақшылары тіпті таяққа сүйенген қарияны сүйрелеп, жөнге салмақ болған. Бұған шамданып, қарсылық танытқан әйелдердің бірі дереу учаскіге жеткізілді.

Павлодарда полицейлер таяққа сүйенген қарияны сүйрелеген

Сөйтіп айыппұл арқалап шықты. Қос тарап арасындағы тартысқа не себеп? Мектеп маңындағы дау қалай аяқталды? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Даудың басы - қаладағы нөмірі 39 мектеп аумағындағы стадионнан басталған. Шаһар әкімдігі оқушыларға тиесілі алаңды жекеменшікке сатып, ол жерде көпқабатты үй тұрғызбақ болған. Бұған көнбеген ата-аналар бүгін айқай шығарып, оқиға орнына келген полициямен жаға жыртысты.

Тәртіп сақшыларымен арпалысып жүрген тұрғындар, стадионды әкімдіктен сатып алған жеке кәсіпкерді де сөзбен жеп қойды.

Ата-аналардың айтуынша, стадион қазір түгел қоршалып, онда бөгде адамның кіруіне тыйым салынған.

"Балаларды мектеп директоры стадионға жібермей қойған. Оқушылар дене шынықтыру сабағын білім ордасындағы залда өткізеді", - дейді тұрғын.

Шу шығарғандардың сөзінше, оқушылар дене шынықтыру сабағында дене жаттығуларымен емес, сурет салып, іс тігумен уақыт өткізеді. Өйткені мектеп ішіндегі спорт залының іші үнемі лық толы екен.

"Бір алда үш-төрт класс бірден дене шынықтыру сабағын өткізеді. Балалар тар жерде қалай жаттығады? Артық қимылдай алмайды", - дейді тұрғын.

Бастапқыда стадионға тиесілі жер телімін жекенің қолына сатқан әкімдік, тұрғындар тарапынан қарсылық байқалғанда жерді қайтарып алу үшін сотқа арызданған. Бұған қаланың экс-әкімі Әнуар Көмпекеевтің өзі атсалысыпты. Стадион проблемасын қозғап, бастама көтерген топ өкілдері полицейлер тарапынан қысым көріп жатқандарын айтты.

"Ата-аналар өз құқығын қорғауға келді. Біз пікірімізді білдіруге құқылымыз. Бірақ, маған жаңа ғана жергілікті полиция бастығының орынбасары, майор Арман Әшіренов келіп,  заңсыз митинг ұйымдастырғаным үшін айыпталатынымды айтты", - дейді бастамашыл топтың өкілі. 

Айтып ауыз жиып үлгермей жатып, осы мәселенің басы-қасы жүрген бастамашыл топтың өкілін тәртіп сақшылары күшпен алып кетті. Енді ол "ұсақ бұзақылығы" үшін айыппұл төлейді.

Шаһардың бас жоспары бойынша бұл жерге ешқандай нысан тұрғызуға болмайды. Яғни, жер телімі заңсыз сатылған. Бас жоспарға өзгерту енгізу үшін, Үкіметтің қаулысы қажет. Ал Үкіметтегілер жеке кәсіпкердің шағымы үшін жоспарды өзгерте алмайы.  Қазір әкім ауысса да, мәселеге әлі нүкте қойылмай келеді. Ал былықтың бәрін бастаған қала әкіміндігіндегілер мынадай уәж айтты.

"Бүгінгі таңда жер иесі қандай бір нысанды тұрғыза алмайды. Оған заңды құқығы жоқ. Егер жер иесі құрылыс жүргізуге өтініш жасаса, онда оны да қараймыз. Ал бұл жерге бірдеңе тұрғызуға бола ма, жоқ па, оны қазір дөп басып айта алмаймын", - дедйі қала әкімінің орынбасары Хасар Қабылбеко. 

Ал бұған дейін өткен бірнеше сотта жер иесі жеңіп шыққан. Ол жерді әкімдіктен сатып алып, учаскіні өз атына аударғандықтан, стадионды толық пайдалануға құқығы бар. Бірақ іс мұнымен бітпейді. Алда қос тарапты тағы сот процесі күтіп тұр. Мәселенің кімнің пайдасына шешілері де белгісіз!

Талқылау