Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Павлодарда найзағай үйлер мен кәсіпорындарды жарықсыз қалдырды

Фото: pixabay.com

Павлодардың өнеркәсіптік аймағындағы үйлер мен кәсіпорындар найзағай салдарынан жарықсыз қалды. Кейін екі трансформаторлық қосалқы станцияда өрт шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Электр жарығының өшкені туралы ақпаратты Павлодар әкімі Хасар Қабылбеков өзінің Instagram парақшасында хабарлады.

"Найзағай "Транспортная" қосалқы станциясына түсуі салдарынан "Батыс қалалық" қосалқы станциясында электр қуаты өшті. Бұған байланысты Лесозавод ауданында және Астана, Лермонтов, Бектұров көшелерінің шекарасында электрмен жабдықтау уақытша тоқтатылды. Жедел түрде қажет шаралар қабылданды", – деп мәлімдеді қала әкімі.

Өңірдің төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, 27 сәуір күні сағат 20:02-де кезекші қызмет пультіне "Әкімшілік қалашықта" өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Жалпы аумағы 80 шаршы метрді қамтитын екі трансформаторлық қосалқы станцияда өрт болған.

"ТЖД бөлімшелерінің үйлесімді және шұғыл әрекеттерінің арқасында өрт сағат 21:17-де толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 11 қызметкері мен 4 техникасы жұмылдырылды. Сонымен қатар оқиға орнына Апаттар медицинасы орталығының бригадасы шықты," – деп хабарлады құтқарушылар.

Өрт кезінде қалай әрекет ету керек

Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында өрт болған жағдайда не істеу керек екені туралы нұсқаулық берілген. Алғашқы түтін иісі немесе оттың белгілерін байқаған бойда 101 нөміріне өрт сөндіру қызметіне немесе 112 нөміріне құтқару қызметіне қоңырау шалу керек.

Диспетчерге келесі ақпаратты нақты және анық жеткізу қажет:

  • Өрт немесе түтін шыққан мекенжай;
  • Өрт болған нысан (аулада, пәтерде, қоймада және тағы басқа);
  • Өрт шыққан зат (теледидар, жиһаз және тағы басқа);

Қажет болған жағдайда кіреберіс нөмірі, пәтер нөмірі, ғимараттың қабат саны, өрт шыққан қабат, қай жақтан ыңғайлы келуге болатыны, аумаққа кіру кодтары және тегіңіз бен телефон нөміріңізді айту қажет. Әңгіме барысында сабырлы және анық сөйлеу керек.


"Шатырды полиэтилен пакетпен жаптық": Алматылықтар дауылды ауа райының салдарына шағымданды


Еске салайық, бұған дейін Алматыда қатты жаңбыр жауып, дауыл болғанын жазған едік. Желі қолданушылары күн райының күрт өзгерген сәтін фото, видеоға түсірді. Қатты найзағай ойнап, нөсер, бұршақ жауған. Тұрғындардың айтуынша, салдарынан үйлердің шатыры зақымданып, ағаштар құлап, кейбір аудандарда электр қуаты өшіп қалған.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 28 Сәуір, 2025 09:31
Талқылау