Павлодарда эскалатордан құлаған қыз жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты
Павлодар қаласының тұрғыны қаланың сауда үйлерінің бірінде эскалатордан құлап, ауыр жарақат алды. Жәбірленуші жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Павлодарлық Instagram-пабликтердің бірінің қолданушылары қыз эскалатордан құлағанын мәлімдеді.
"Қыз эскалатордың екінші қабатынан жертөледегі плиткаға құлады. Біз тек дауысты естідік. Жақын маңдағы бутиктерден сатушылар жүгіріп келді, бірақ сауда үйінің күзеті барлығын таратып, видеоға түсіруге тыйым салды", - дейді куәгерлер.
Жәбірленуші дүкендердің бірінде сатушы болған. Қыз Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасының жансақтау бөліміне түсті.
"1990 жылы туған науқас ауыр халде жеткізілді. Оған жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, кеуде қуысының соғылуы, іштің түтіккен жарақаты диагнозы қойылған. Қазір ол политравма бөліміне ауыстырылды. Жағдайы тұрақты ауыр, есін біледі. Бақылауда",-деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Сауда үйін жалға алушылардың айтуынша, оқиға болған күні эскалатор жұмыс істемеген.
Ал Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметі бұл оқиға бойынша әзірге шағым түспегенін мәлімдеді.

Түнгі ауысымдағы жұмыс: Қызметкерлерге еңбекақы қалай төленуі керек және қандай құқықтары бар
