Павлодарда Даңқ ескерткішінің жанында әдепсіз би билеген қыздар сотқа тартылды
Фото: Видеодан кадр
Павлодар сотында 9 мамыр қарсаңында Жеңіс саябағында әдепсіз би билеп, видео түсірген екі оқушы қызға қатысты әкімшілік іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі сотқа сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде "саябақты қорлап жатырмыз" деген жазумен жарияланған видео қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Желіде жарияланған видеодан биді төрт қыз билегенін көруге болады.
“Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 2 мамырда сағат 16:00 шамасында кәмелетке толмаған қыздар Ж мен И Павлодар қаласындағы Даңқ алаңында болып, Даңқ ескерткіші мен Мәңгілік алаудың жанында ұятсыз билермен бейнеролик түсірген7 Осылайша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 4-бөлігінде көзделген ұсақ бұзақылықты жасаған”, – делінген сот хабарламасында.
Сотта екі кәмелетке толмаған қыз кінәсін толық мойындаған. Қыздар саябаққа хореографтың шақыруы бойынша басқа қыздармен бірге Жеңіс күніне арналған бейнеролик түсіру үшін барғанын айтқан.
“Ж-ның айтуы бойынша, TikTok әлеуметтік желісінен көрген трендті түсіру үшін әдепсіз би билеген. Түсірілген бейнеролик Instagram желісіндегі жабық парақшаға "саябақты қорлаймыз" деген орынсыз жазумен жарияланған”, – делінген сот таратқан хабарламада.
Сот өкілдері тағы бір қыз осыған ұқсас түсініктеме бергенін атап өтті.
Сот кәмелетке толмаған қыздарды әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 39 320 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодарда Жеңіс саябағында орынсыз билеп, видеоға түскен жасөспірім қыздарды полиция ата-аналарымен бірге бөлімшеге жеткізгенін жазған едік. Балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
