Павлодарда төбелес салдарынан бастауыш сынып оқушысы ауруханаға түсті
Павлодарда бастауыш сынып оқушылары арасында болған жаппай төбелес салдарынан 4-сынып оқушысы ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 13 наурызда мектептің жанында болған. 4-сынып оқушылары (2011, 2012, 2013 және 2014 жылы туған) арасында жанжал болып, салдарынан балалардың бірі бас жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
Кәмелетке толмағандардың мінез-құлқы заңды өкілдерінің қатысуымен мектеп профилактикалық кеңесінде қаралды.
Полицейлер кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін оның қасақана әрекет жасауына әкеп соққан барлық ата-ананы жауапқа тартты.
Материалдар шешім шығару үшін сотқа жіберілді.
Осы баптың санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы мектептерінің бірінің оқушысы белгісіз әлдебір қоспаның артық мөлшерінен уланып қалып, есін жоғалтқаны туралы жазған едік. Алматы қалалық білім басқармасы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, мектеп оқушысы әлсіздіктен есінен танып қалған.