Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда баланы қағып өлтірген азамат жазаланбайтын болды

Павлодарда баланы қағып өлтірген азамат жазаланбайтын болды. Жылдамдықты асырып, он екі жастағы Мейрам Шағыровты басып кеткен Ермұқан Сыздықов бір сәтте екі жылға сотталып, сол сәтте рақымшылықпен бостандыққа шықты. Алғашында тергеуді жүргізген полицейлер қылмыстық істі жапқанымен, қайта қолға алынған іс  бүгін бір жылға жетіп аяқталды.

Снимок экрана (148)

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Жауап беруші орындығында – жиырма үш жастағы Ермұқан Сыздықов. Айыпталушы көлігімен қағып өлтірген баланың ата-анасымен татуласқысы келгенімен, Таңат пен Гүлжанат Шағыровтар ұлдарын өлтірген адамға кешірім беруден бас тартқан. Қас пен көздің арасында Мейрамнан көз жазып қалған ата-ана істің соңына дейін кінәлі азамат жазасын алады деп сенген. Алайда бүгінгі сотта айыпталушыға рақымшылық жасалды.

– Сот Сыздықовтың кінәсін толық дәлелдеген. Тіпті күдіктіге тағылған айыптар бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Алайда жеңілдетілген жайттардың арқасында ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығына деп жарияланған рақымшылыққа ілінді. Нәтижесінде, екі жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген Ермұқан Сыздықов босатылады.

Бұл сөздерді естіген Таңат Шағыровтың көзі жасқа толды. Өйткені көз алдында баласын қағып өлтірген адам тиісті жазасын алу үшін бір жылдан бері тиісті органдардың табалдырығын тоздырған еді. Және дәл бүгін әділетті шешімді күткен болатын.

Адам өлімімен аяқталған жол апаты 2015 жылдың қазан айында болған. Қала ішінде сағатына 100 шақырыммен жүрген Ермұқан Сыздықовтың сол кезде көлік жүргізуге құқығы да болмаған. Соған қарамастан “Жүргізушіде тежегішті басатындай техникалық мүмкіндік болмаған” деген алғашқы сараптаманың қорытындысы шығарылған. Бұл қорытынды тіпті прокурорлардың өздерін де таң қалдырған еді.12 жастағы Мейрам оқиға орнында қайтыс болса, әкесі Таңат ауыр жарақат алып, жарты жыл бойы қозғалыссыз жатып қалған.

«Апелляциялық шағым түсіремін. Мұны бұлай қалдырмаймын. Ертең басқаларға жүргізуші құқығынсыз жүрмейтіндей сабақ болсын. Баламды өлтірді, мені мүгедек етті. Ештеңеге қол жеткізе алмадым. Әділдік қайда?» – дейді қайтыс болған баланың әкесі Таңат Шағыров.

Зардап шеккен тарап 10 миллион теңге азаматтық арыз шағым түсірген. Бірақ судья ата-анаға моральдық шығын ретінде 4 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Жеткіншекті басып өлтірген Ермұқан Сыздықов соттан жүзінде күлкі ойнап шықса, Мейрамның ата-анасының көздеріне жас толды.

Талқылау