Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда ауыл әкімі кәсіпкерді соққыға жыққан

Павлодар іргесіндегі ауылдың әкімі Сырым Рушанов кәсіпкерді соққыға жықты деп айыпталуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Павлодар облысының тұрғыны 61 жастағы Айтуған Бекмұхамбетов Павлодардағы дәмханалардың бірінде ауыл әкімі өзіне шабуыл жасағанын алға тартады.

Жәбірленуші ұрып-соққаны туралы полицияға хабарлаған. Қызметкерлер құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама жасап, іс материалдарын сотқа тапсырды.

"Рушанов дәмхананың дәретханасында туындаған жанжал барысында бұрыннан таныс Бекмұхамбетовке дене жарақатын салған. Сол арқылы ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігі "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық жасаған”, - деді Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Әсел Адамжанова.

Ал зардап шеккен кәсіпкер сол күні кешке әкіммен жанжалдаспағанын айтқан.

"Мен дәретханада тұрғанмын, ол кіріп келіп, бірден ұра бастады. Ештеңені түсіндірместен шабуылдады. Басымнан, кеудемнен ұрды. Мен қолыммен қорғануға тырыстым. Қанды жуып, ретке келдім. Полиция шақырған жоқпын. Үшінші күні қатты ауырғандықтан, ауруханаға бардым", – дейді зардап шеккен кәсіпкер. 

Павлодар қаласының іргесіндегі ауылдың әкімі Сырым Рушанов кінәсін мойындамады.

"Біз ортақ досымыздың мерейтойында болдық. Іс-шараның соңында мен қолымды жуу үшін дәретханаға бардым. Ол жерде шу естідім, бірақ ешкімді көрмедім", – деп түйіндеді ол.

Істі қарау барысында кәсіпкер Бекмұхамбетов пен Рушанов арасындағы ұзақ уақыттан бері келіспеушіліктер болғаны, төбелеске сол себеп екені анықталды. Сотта екеуі де осыдан бірнеше жыл бұрын араларында жанжал болғанын мойындады.

Айта кетейік, сот әкімді кінәлі деп тапса, оған 15 АЕК (51 750 теңге) көлемінде айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады.

Талқылау