Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда әлімжеттік көрген бұрынғы кадет мектептен 2 миллион теңге өндіріп алған

Алматы тұрғыны Павлодардағы кадет училищесінен бір жарым миллион теңге өндіріп алды. Жігіттің айтуынша, ол білім беру мекемесінде қорлық көрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Irbistv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Бекжан Әлімов 2020 жылдың қаңтарында 16 жасында Павлодардағы Химгородок ауданындағы теміржол көпірінен секіріп, өзіне қол салмақ болған. Себебі кадет мектебінде буллингке ұшыраған. 

Өзіне қол салмақ болған жігіт аман қалды, бірақ ауыр жарақат алған. Сол үшін полиция "Өзін-өзі өлтіруге итермелеу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Жігіт әлі де жарақатынан айыққан жоқ.

“Бұл дәл карантиндік кезең еді, осы кезде адамдарға өте қиын болды. Оңалту шараларын алу да қиын еді, себебі ПТР сынды сынақтар тапсыру керек, қалада жүруге тыйым салынатын”, – деді жігіттің анасы Әсия Әлімова.

Қазір Бекжан Әлімов Алматыда. 4 жылдан кейін ол  сотқа арыз жазуға шешім қабылдап, кадет училищесі мен білім бөлімінен көрген азабы үшін 18 миллион теңге талап етті.

“Қысқасы, әлімжеттік көрсетілетін. Ақша алып, ұрып-соғады, бас киімді тартып алып, орнына ақша сұрайды. Конспект жазып беруге мәжбүрлейді. Бас тартсаң, үш адам ұстап тұрады, ал  біреуі ұрып соғады", – деді Әлімов сот отырысында.

Сөзінше, мұғалімдер әлімжеттік туралы білсе де, үндемеуге көндіреді. Алайда оқу орнының өкілдері сот отырысында өздеріне тағылған талаптарды жоққа шығарды. Олар курсанттың дәрігерлермен де, психологпен де байланыспағанын көрсетті.

Полиция 4 жыл өтсе де, қылмыстық істі тергеуді аяқтаған жоқ.

“Бұрын қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Кейіннен Павлодар қаласының прокуратурасы тоқтату туралы қаулының күшін жойып, қосымша тергеуге жіберді”, – деп хабарлады Павлодар қалалық ІІБ солтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары Жарас Ибраев.

Нәтижесінде талап арыздар ішінара қанағаттандырылды. Мектеп оқушыға келген моральдық зардап үшін 1,5 миллион теңге және оңалту шығындары үшін тағы 500 мың теңге төлеуге міндеттелді.

Сонымен бірге сот баланың өз-өзіне қол жұмсау әрекетінен кейін білім беру мекемесі мәселені шешпегенін ескеріп, арнайы ұйғарым шығарды. Яғни оқушы білімін қашықтықтан алуды жалғастырды, ал мұғалімдер оның үйіне бармады. Білім бөлімі тарапынан қызметтік тексеруден басқа ешқандай жұмыс жүргізілмеген. 

Талқылау