Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарда 8-сынып оқушысы «Рубик кубигін» сегіз секундта жинайды

Павлодарда Назарбаев Зияткерлік мектебінің 8 «D» сыныбының оқушысы Абылайхан Мустафин 8,35 секунд ішінде 2х2 номинациясы бойынша «Рубик кубигін» жинап, екінші жыл қатарынан өз рекордын жаңартты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

20160204022507

Бұл туралы агенттікке білім беру мекемесінің баспасөз хатшысы Рымгүл Божақанова хабарлаған.
– Физика, математика және информатика апталығы аясында ұйымдастырылған «Рубик кубигі» сайысына қатысуға сегіз оқушы өтініш білдірген. Жеңімпаз атанған Абылайхан алғашқыда кубикті 5-6 минутта жинайтын. Өткен жылы 11,2 секундта жинап шыққан ол бұл көрсеткішті алдағы уақытта үш секундқа дейін жеткізуге мақсат қойып отыр.

Сондай-ақ 10 «C» сыныбының оқушысы Сұлтан Шупеев көзін жапқан күйінде 2х2 номинациясында небары 30,88 секундта осы кубикті құрастырып шығып, жеңімпаз атанды. Мұндай ойын арқылы баланың ойлау қабілетін дамытуға болады, – дейді Р. Божақанова.

Биыл оқушылар Рубик кубигінің күрделі комбинацияларынан да сынға түскен. Бұл 5х5 аталымында 8 «D» сынып оқушысы Әлішер Ашекеев 6,43 минутта жеңіске жетсе, пирамиданы жылдам құраған қатысушылардың арасындағы жалғыз қыз – 8 «D» cынып оқушысы Амина Ердес тапсырманы 13,44 секунд ішінде орындап шыққан.

Айта кетейік, былтыр АҚШ-та жасөспірім Лукас Эттер 3×3 номинациясы бойынша 4,9 секунд ішінде «Рубик кубигін» жинап, әлемдік рекорд орнатқан. Оның бұл жетістігін бүкіл әлемдік (World Cube Association) қауымдастығы тіркеген.

Талқылау