Павлодар облысындағы саябақтарда тізіліп тұрған Лениннің мүсіндері қоғам белсенділерінің наразылығын тудырды
Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласының орталық саябағында Кеңес дәуіріндегі ескерткіштер әлі тұр. Бұл жерде тек Лениннің 10 бірдей бюсті қойылыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Күн көсемінің" мүсіні қоғам белсенділерінің наразылығын тудырып жатыр.
“Ескерткіштердің барлығы Кеңес заманында жасалған. Әрі-бері өткен адамның көзіне оғаш көрінетін, ешқандай маңыздылығы жоқ мүсіндерді алып тастап, орнына қазақтың даңқты тұлғаларын қою керек”, – деп пайымдайды белсенділер.
Ал әкімдіктегілер "Бұл ескерткіштердің ешқандай мемлекеттік маңыздылығы жоқ", – дейді.
Тек кеңес үкіметі құлағаннан кейін ауылдардан жиналған мүсіндерді осы жерге орналастырыпты.
Алдағы уақытта барлық мүсіндер алынып, аумақ абаттандырылмақ.
“Бұл ескерткіштер 90-шы жылдың басында Ақсу ауылдық аймағының барлық елді мекендерінен жиналып әкелінген. Мұның ешқандай мемлекеттік маңыздылығы жоқ. Тек саябақ аумағында орналасқандықтан жыл сайын ақтау, сырлау жұмыстары жүргізіліп тұрады”, – дейді Ақсу қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанатбек Байманов.
Мамандар бюсттердің ешқандай мемлекеттік мекеменің балансында емес екендігін айтады. Ал көне ескерткіштерді құлату жұмыстары тек 2023 жылы жасалмақ екен.