Павлодар облысында тұрғындар жайылым жерінің аукционға қойылғанына наразылықтарын білдірді
Павлодар облысының шенділері 5 бірдей ауылдың жайылым жерін аукционға шығарған. Тіпті аудандық газет бетіне конкурс жариялап, құжаттар қабылдауды бастап кеткен. Хабарды естіген тұрғындар жердің сатылуына қарсы шығып, наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Ақтоғай ауданына қарасты 5 ауылдың тұрғындары жайылым жер аукционға шыққанын жергілікті газеттен оқыған. Жердің жеке қолдарға өтетініне қарсы болған халық әкімдіктің алдына жиналды.
"Осы жерден 3 елді мекеннің жағдайы мүшкіл болып отыр. Бір ауыл мүлдем жоқ болып кетті қазір. Тортай деген ауыл бүгінгі таңда бір үйі жоқ. Жоламанда 15 шақты үй қалды. Оның өзінде тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етілмеген. Бізге қарасты Әбжан деген ауылда зиратқа баратын жолдың өзін жауып тастады", – дейді Мүткенов ауылының тұрғыны Мейрам Мерғалымұлы.
"Ол жерден айырылатын болсақ, ештеңесіз қаламыз. Елдің 70-80 пайызы жұмыссыз. Өзі малмен ғана күн көріп отыр", – деп қосты Мүткенов ауылының тұрғыны Жолдыбай Төретайұлы.
Тұрғындардың сөзінше, бұған дейін жердің біраз бөлігі жекеменшікке өтіп, егін егу үшін пайдаланылған. Енді жайылым жерін бермейміз дейді олар.
"Ақтоғайдан бастап жол бойын түгел қуалап келеді. Қай жерде жақын жер, қай жерде аз қаржы жұмсайды. Соның барлығын алып келе жатыр. Енді жолдың шетіндегі тиіп тұрған жерді бізден тартып алмақ ойы бар. Сонда біз қайда барып күн көреміз", – дейді Естай ауылының тұрғыны Тоқтағұл Бейсенов.
Жайылым жердің жекеге өтуіне тіпті ауыл әкімі де қарсы. Бірақ аудан басшыларына қауқары жоқ екенін мойындайды.
"Бұл халыққа малдарыңды сатып кет дегенмен бірдей сөз. Себебі дәл сол жерге Жаңатап, Жаңабет, Естай, Мүткенов ауылының бүкіл малы жайылымға шығады. Егер бұл жер болмаса мал жайылатын жер жоқ деген сөз", – деп мәлімдеді Мүткенов ауылдық округінің әкімі Ерік Төлеков.
Ал халықпен кездесуге аудан әкімі келмеді. Оны ауырып қалды деген орынбасары мәселенің мән-жайын түсіндіріп берді
"Мына жағдайды көріп, Қаршыға Залмұханұлымен телефонмен сөйлестік. Ақылдастық. Жер сатылымнан алынып тасталады. Байқау болмайды, жер қалады", – деді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Ермек Машрықов.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
