Павлодар облысында құтқарушылар мінген автобустың жер астына құлауы: "Майқайың-алтын" АҚ қызметкерлері қамауға алынды
Павлодар облысында автобуспен бірге төрт адамның жер астына құлап кетуіне байланысты "Майқайың-алтын" АҚ қызметкерлері қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: ТЖД
Кәсіпорынның алты қызметкері тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу туралы қылмыстық іс бойынша уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Павлодар облысының полициясы қылмыстық істі тергеу аясында Павлодар уақытша ұстау изоляторына "Майқайың-алтын" АҚ-ның алты жауапты қызметкерін ұстап, қамауға алды", - деп түсіндірді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысындағы Майқайың кеніші маңында құтқарушылар мінген автобус шұңқырға түсіп кеткені туралы жазған едік. Екі адамның денесі табылды. Кейіннен жердің опырылу қаупіне байланысты іздеу тоқтатылды.
Айта кетейік, наурызда Майқайыңда топырақтың опырылуынан тұрғындарға қауіп төнген еді. Ал жоғалып кеткен құтқарушылардың туыстары іздеу жұмысын жалғастыруды сұрады.