Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында қария екі мәйітті бал және маймен өңдеп, екі жыл бойы үйінде сақтаған

Фото: t.me/syrymitkulov

Павлодар облысында қария екі мәйітті бал және маймен өңдеп, екі жыл бойы үйінде сақтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Мәйіттерді полиция қызметкерлері тапқан. Тексеріс жүргізуге отбасы мүшелерінің бірінің ұзақ уақыт бойы дәрігердің қабылдауына келмеуі себеп болған. Сондай-ақ туыстары полицияны үйге кіргізуден бас тартқан.

Марқұмдардың мәйіттері екі үй орналасқан ауладан табылған. Үйлердің бірінде қария алты жасар қызбен бірге тұрған.

Қыз бала Майқайың кентіндегі ауруханаға жеткізілді. Баланы Екібастұз қаласындағы “Үміт” қолдау орталығына орналастыру жоспарлануда. 

Алдын ала мәлімет бойынша, мәйіттер қарияның күйеуі мен қызына (алты жасар қыздың анасы) тиесілі болуы мүмкін.

Қария екі жыл бұрын оларды жерлеудің орнына, мәйіттерді үйде қалдырып, шіруден сақтау мақсатында бал және маймен өңдеуді бастаған. Ол бұл әрекеттерге алты жасар немересін де тартқан көрінеді.

Полиция аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

“Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайларын объективті түрде анықтауғаи бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде”, – делінген Павлодар облысы полиция департаментінің хабарламасында. 
Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 16 Ақпан, 2026 20:11