Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодар облысында бұрынғы қызметкер компанияны сыйлықақы төлемегені үшін сотқа берді

Павлодар тұрғыны компаниядағы жұмысынан шығып, кейін мемлекеттік мерекелер үшін уәде етілген сыйлықақыны төлемегені үшін компанияны сотқа берді. Жұмыс беруші тарапынан қарыз сомасы 7 миллион 475 мың теңге болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

жұмыс

Фото: Pixabay.com

Павлодар тұрғыны 2019 жылдың шілдесінде заңгер-кеңесші болып жұмысқа кірген. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап 300 мың теңге жалақымен бас директордың орынбасары қызметін атқарды. Қосымша келісім жасалғаннан кейін жалақы 800 мың теңгеге дейін көтерілді.

Келісімшартта бас директордың орынбасарына Қазақстан Республикасында атап өтілетін ұлттық және мемлекеттік мерекелерге және кәсіби мереке – Кабель саласы қызметкерлерінің күніне орай лауазымдық жалақысының 50% мөлшерінде біржолғы сыйлықақы төленетіні көрсетілген.

2023 жылдың шілдесінде ол жұмыстан шықты. Жұмыстан шыққан соң ер адам бірден сотқа жүгінген. Ол қарыз сомасынан бөлек, компаниядан төлемді уақытылы төлемегені үшін айыппұл өндіруді талап еткен.

"Талапкер жауапкерге 2020 жылдың 11 қарашасы мен 2023 жылдың 27 шілдесі аралығында АҚ-ға мемлекеттік мерекелерге 7 475 000 теңге біржолғы сыйлықақы төленбегенін айтып, сотқа талап арызбен жүгінді. Ақшаны уақытылы төлемегені үшін жауапкерден 750 380 теңге талап етті", – деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.

Сот кәсіпорыннан 1 960 952 теңге өндіріп, 196 850 теңге айыппұл салды. Бірақ павлодарлық бұған көңілі толмай, апелляциялық шағым түсірді. Ал екінші тарап толық төлеуден босатуды талап етті.

Сонда да бастапқы шешім өзгеріссіз қалдырылып, тараптардың шағымдары қанағаттандырылған жоқ. Қаулы күшіне енді.

Талқылау