Павлодар облысында алимент төлемеген әйел бір жылға бас бостандығынан айырылды
Бес баласы бар Павлодар облысының тұрғыны алимент төлемегені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көпбалалы ана бұған дейін де полициямен істі болған. Оның отбасының тұрмысы нашар. Әйел адам жиі ішімдікке салынып, балаларын үйде жалғыз қалдырып жүргендіктен ата-ана құқығынан айырылған.
Сол себепті үлкен балалары интернатта тұрса, кіші балаларын туыстары алып кетіп баққан. Уақыт өте келе әйелдің туыстары балаларына алимент төлету үшін арыз берген. Алайда ол бұны елемеген. Сондықтан әйел алимент төлемегені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылған.
"Айыпталушыға оның құқығы мен міндеттері түсіндірілді. Көпбалалы анаға бірнеше рет алимент төлеуі қажет екені айтылды, балаларымен қарым-қатынасын жөндеуге көмектеспек болдық. Бірнеше рет оны жұмыспен қамту орталығына жібердік. Алайда ол өзіне ұсынылған жұмыстардан бас тартты", – дейді Павлодар ауданының пробация қызметінің бастығы Дамир Жәнібеков.
Оның айтуынша, бұған дейін әйел адам түрлі жұмыс істеп, алимент төлемеген.
"Одан бөлек, айыпталушы міндетті жұмысқа шықпады. Ескертпестен ауылдан тыс жерге кетіп, түрлі заңбұзушылықтар жасады", – деді Жәнібеков.
Көпбалалы ана жазасын орташа қауіпсіз әйелдер колониясында өтейді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
