"Пәтерімізді сатып, несие алдық": Алматы облысында тұрғындардың сатып алып, үш жыл тұрған жерлері заңсыз болып шықты
Алматы облысында Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылында үш жүз тұрғын сатып алған жерлерін мемлекеттің қайтарып алатынын жеткізіп, наразылық білдірді. Айтуларынша жер ресурстары мамандары тұрғындар салып алған үйлерінің құжатын заңсыз деп таныған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото сюжет кадрларынан
Тұрғындар Қарасай ауданы әкімдігінің алдына жиналып, өздерінің бес соттық жер үшін 10 миллион теңге төлегендерін жеткізді. Олар өздері салған үйлерінде үш жылдан аса уақыт тұрып келген.
“Бұл жерлеріңіздің документі дұрыс емес, құжаты дұрыс ауыстырылмаған. Сондықтан біз сіздерді сотқа беріп жатырмыз. Қолыңыздағы келісімшарт, мемлекеттік акт, бәрін жояйық дейді. Бұл қалай сонда?”, – деді Алматы облысының тұрғыны Айдана Болат.
Тағы бір тұрғын Нұржан Секенов те жер мамандарымен келіспейтінін айтты.
“Қолымызда барлық мемлекеттік акт, сатып алу құжаттары түгел. Біз бұл жерді алу үшін қаладағы пәтерімізді сатып, несие алдық. Мен тіпті үй салып, ауламды кеңейтіп, жарық, су бәрін тарттым. Тұрғындар өзіміз жолға дейін жасадық. Енді келіп жер ресурстарын басқару департаменті сол құжаттарымызды жоққа шығарып, жерді тартып алмақ. Сонда қаншама қаражатқа сатып алған жерімді жоққа шығармақшы ма?”, – деді ол.
Алматы облыстық жер ресурстарын басқару департаменті Қарасай ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылының жерлері халыққа заңсыз берілгенін анықтаған. Сондықтан он күн бұрын жер иелерін сотқа берген екен. Содан бері аудандық сот тұрғындардың телімді пайдалануына шектеу қойған.
Тұрғындар сотқа берілген мәселенің күшін тоқтатып, жерлерін қайтаруды талап етіп жатыр. Елуге жуық тұрғын бас көтерген соң әкімдіктегілер облыстағы жер ресурстарын басқару департаментіне арызын қайтып алу жөнінде өтініш жібергенін айтты.
“2022 жылы бас жоспарды бекіткенбіз. Сол жерде кезінде әлеуметтік нысандар болған. Соның бәрін алып тастап, заңсыз бір бас жоспарлар бекіткен. Соның бәрін қалпына келтіртіп біз халықтың сатып алған жерлерін қалдырып, қайтадан бас жоспар бекіттік. Бірақ заң аясында жер инспекциясы өзінің міндеттерін орындау үшін сотқа жүгінген. Сондықтан қазір оны кері қайтарғаннан кейін, барлық арест шешіледі. Одан кейін халық өз мақсатына пайдалануына болады”, – деді Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов.