Пәтер ұтысы: Қазақстандықтар алаяқтықтың жаңа түріне алданып жатыр
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазақстандықтарға телефон соғып, өздерін министрлік қызметкерлеріміз деп таныстырып, пәтер ұтысына қатысуға шақыратын алаяқтар туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрлікке бұл қоңыраулар туралы алаяқтардың құрбаны болған азаматтар хабарлаған.
"Олар өздерін министрлік қызметкерлеріміз деп таныстырып, министрлік жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, конкурстық негізде пәтерлердің ұтыс ойынын өткізіп жатқанын алға тартып, мемлекеттік органның алдында қаржылық қарызыңыз бар деп сендіреді. Егер қарызын өтесе, азамат конкурстық негізде пәтер ала алады деп алдаған", - делінген хабарламада.
Министрлік бұл ақпаратты жоққа шығарып, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жергілікті атқарушы органдардың құзырында екенін атап өтті.
"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша ресми ақпарат алу үшін тұрғылықты жеріңіз бойынша әкімдікке хабарласуды ұсынамыз. Күмәнді жарнаманың таралуына мән бермеуіңізді, арандатушылыққа бой алдырмай, тек ресми дереккөздердегі ақпаратқа сенуіңізді сұраймыз", - деді министрлік.