Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Париж Олимпиадасының жүлдегері Ислам Сәтпаев Азия чемпионатында топ жарды

Ислам Сәтпаев Фото:Stan.kz collage

Үндістанның Дели қаласында нысана көздеуден Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жарыстың кезекті күнінде қазақстандық мерген Ислам Сәтпаев 50 метр қашықтықтан кіші калибрлі винтовкамен жатып ату сайысында топ жарып, Азия чемпионы атанды.

Осы сында тағы бір отандасымыз Никита Шахторин күміс жүлдеге ие болды.

Командалық есепте де Қазақстан құрамасы үздік нәтиже көрсетті. Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин және Константин Малиновский қарсыластарынан басым түсіп, алтын жүлде жеңіп алды.

Сондай-ақ 25 метрден жылдам атылатын тапаншадан командалық сайыста Никита Чирюкин, Артемий Кабаков және Кирилл Цуканов чемпион атанды. Ал осы бағдарлама бойынша жекелей сында Никита Чирюкин күміс жүлдені еншіледі.

Осылайша, бүгін Қазақстан құрамасының қоржыны 3 алтын және 2 күміс медальмен толықты.

Азия чемпионаты ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өтіп жатыр. Қазақстан құрамасы сапында үш жас санаты бойынша 47 мерген бақ сынауда.

Биыл Дели төрінде Азияның 20 елінен келген 320 спортшы жүлде үшін таласуда.

Айта кетейік, Ислам Сәтпаев Париж Олимпиадасында Александра Ле есімді серіктесімен бірге 10 метрлік пневматикалық винтовкадан аралас командалар арасында қола жүлде жеңіп алған.

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 23:39