Париж-2024: Бокстан алтын жүлде үшін қай елдің боксшылары жұдырықтасады
Бүгін Париж олимпиадасында бокс бәсекесінің алғашқы ақтық сындары өтіп, олимпиада чемпиондары анықталады. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасынан жалғыз Нұрбек Оралбай ғана финалға шығып, олимпиада ойындарының алтынына таласады. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі финалда қай елдің спортшылары көп екенін және боксшылардың алтын алуы мүмкіндігі туралы сараптама жасауды ұйғарды.
Фото: ҚБФ
Париж олимпиадасындағы бокс бәсекесінің ақтық сынына ең көп өзбек боксшылары шығып отыр. Өзбекстан құрамасының жеті боксшысының үшеуі финалға шықты. Тек 57 келідегі Халоков пен аса ауыр салмақтағы Жалолов қана жартылай финалдағы бәсекелерін бүгін өткізеді. Бұл екі боксшының финалға емін-еркін жететіні айқын. Демек Өзбекстан құрамасының бес боксшысы олимпиаданың алтын жүлдесі үшін айқасатыны анық. 51 келі салмақта Сәкен Бибосыновтың жолын кескен Хасанбой Дусматов финалда жергілікті боксшы Белал Беннамаға қарсы жұдырықтасады. Хасанбойдың екі дүркін олимпиада чемпионы атанатын толық мүмкіндігі бар. Ол осы уақытқа дейін Белалдан Ташкенттегі әлем чемпионатында айқын басымдықпен басым түскен болатын. Бұл жолы да Беннамадан бір бас жоғары болатынына күмән келтірмейміз. Өйткені өзбек оғланының осы олимпиададағы басты қарсыласы Сәкен Бибосынов еді.
63.5 келі салмақта тағы жергілікті боксшы, осы олимпиаданың басты жұлдызы және басты фавориті Софиан Умиа мен кубалық Эрисланди Альварес арасындағы финалдық айқасты тамашалаймыз. Бұл жекпе-жектің фавориті жергілікті боксшы екені анық. Біріншіден, төрешілердің бүйірі Умиаға бұратыны анық, екіншіден Умиа осы уақытқа дейін кубалық боксшымен жұдырықтасып, жеңіп кеткен болатын. Ташкентте өткен әлем чемпионатының финалында Умиа Альваресті “алдап” кеткен болатын. Бұл жолы да жергілік боксшының бағы жанайын деп тұр. Дегенмен Альварестің мықты бабында келгенін көріп, Францияны алтыннан қағуы да ғажап емес деп топшылаймыз.
71 келіде тағы бір өзбекстандық былғары қолғап шеберінің алтын жүлде үшін айқасын көреміз. Асадхужа Муйдинхужаев алғашқы олимпиадасында-ақ алтын жүлде үшін айқасқа шығып отыр. Өзбекстандық былғары қолғап шебері финалда біраз мықтының мысын басқан мексикалық Марко Вердемен жұдырықтасады. Шыны керек, мексикалық боксшыны финалға шығады деп ешкім күтпеді. Бірақ Марко небір мықтыларды мойындатып, финалға лайықты түрде шықты. Бұл жекпе-жекте жеңіске жетуге қос спортшының да мүмкіндігі мол. Дегенмен өзбек боксшысы фаворит екені анық.
Қалың қазақ жанкүйері күткен жекпе-жек 80 келі салмақтағы Нұрбек Оралбайдың ақтық айқасы екені де анық. Қазақстан құрамасының жалғыз болып финалға шыққан Нұрбектің мойнында жауапкершілік те мол. Сол үшін де Оралбай аянып қалмайтыны анық. Дегенмен финалдағы қарсыласы олимпиада ойындарының басты фавориті, Токио олимпиадасында алтынға сынық сүйем қалғанда сүрінген Александр Хижняк. Хижняк сол Токиодағы жеңілісінен кейін 27 жекпе-жекте жеңілмей келе жатыр. Украиналық оғлан Париждегі шаршы алаңда шашасына шаң жұқтырмай, небір мықтыларды жолынан ығыстырды. 9 минут бойы дамылсыз шабуылдайтын боксшының функционалдық тұрғыдан мықты дайындықпен келгенін байқадық. Одан бөлек, соққылары да ауыр, әрі сериямен жақсы жұмыс істейтін Хижняк Нұрбекті бір ұтқаны бар. Бұл жолы да сол жетістігін қайталап, Токиодағы күмісте Париждің алтынына алмастыру үшін барын салатыны анық. Дегенмен Нұрбектің қазіргі жұдырықтасу мәнері әлдеқайда өскен. Шеберлігі шыңдалып, біліктілігі артқанын байқадық. Нұрбек Хижнякпен әлем чемпионатында Имам Хатаевпен жұдырықтасқандай жекпе-жек өткізсе, қолды-аяқта тұрмай жұдырықтасса жеңіп кетуі әбден мүмкін. Ең бастысы функционалдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да үш раундқа дайын болса болғаны. Ал техникалық тұрғыдан Нұрбекті қарсыласынан осал дей алмаймыз. Неде болса, Нұрбектің қайтпас қайсарлығына, жеңіске деген жігеріне сенеміз. Нұрбек Қазақстанды екінші олимпиада қатарынан алтынсыз қалудан құтқаруы керек.
92 келіде Айбекті жарыс жолынан шығарған Әзірбайжан елінің атынан сынға түсетін кубалық Лорен Альфонсо олимпиаданың алтынына таласады. Альфонсо өзбекстандық боксшы Лазизбек Муллажоновпен алтын жүлдені сарапқа салады. Бұл жекпе-жекте Альфонсо фаворит екені анық. Дегенмен өзбекстандық боксшы да оңай шағылатын жаңғақ емес.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
