Пара Азия ойындары: Қазақстандық спортшылар алғашқы жарыс күні екі алтын жеңіп алды
Қытайда өтіп жатқан IV Азия пара ойындарында қазақстандық пауэрлифтер Давид Дегтярев пен дзюдошы Ақмарал Науатбек ел қоржынына алғашқы алтын медальдар салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
54 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп бастаған қазақстандық спортшы 187 кг зілтемірді көтерді. Екінші орынды иеленген қытайлық Янг Yang Jinglang 185 кг, ал вьетнамдық спортшы An Nguyen 184 кг көтеріп, үшінші орынға тұрақтады.
Қазақстандық спортшының жеңісіне байланысты туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пікір білдірді.
“Керемет нәтиже! Давидті осынау маңызды жеңісімен құттықтаймын! Бұл оның соңғы жетістігі емес екеніне сенімдімін", - деді туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Сондай-ақ, дзюдошы Ақмарал Науатбек де Ханчжоуда өтіп жатқан IV Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.
Пара дзюдодан J2 cанаты бойынша 48 келі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық спортшы ақтық сында Қытай спортшысы Ли Личиннен басым түсіп, Азия Пара ойындарының алтын жүлдесіне ие болды.
"Жеңіс оңай келмейді, бірақ бүгін Ақмарал жеңіске деген құлшынысын көрсетті. Мен Ақмаралды жарқын жеңісімен құттықтаймын және боз кілемдегі еңбегі үшін алғыс айтамын", - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, қазанның 22-28 аралығында өтетін спорттық додаға 43 мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде 131- спортшымыз 14 спорт түрінен өнер көрсетіп, 485 медаль жиынтығын сарапқа салады.