Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Палаталардың іші 30 градусқа дейін ыстық": Атырауда науқастар үйлерінен желдеткіш алдыртуға мәжбүр

Атыраудағы №2 облыстық аурухананың емделушілері бөлмедегі ауа температурасы 30 градусқа дейін жеткенін, мұндай жағдайда ауруханада емделу мүмкін емес екенін айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AtyrauPress-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Науқастар ыстықтан қорғану үшін дымқыл сүлгімен сүртініп, енді бірі ескі газетпен желдетіп, ал кейбіреулер үйден желдеткіш алдыруға мәжбүр.

Солардың бірі кеше түнде төрт айлық сәбиімен №2 облыстық аурухананың жедел респираторлық вирустық инфекция бөліміне түскен Атырау қаласының тұрғыны Марина Шайхиева. Дәрігерлер сәбиге жедел бронхит диагнозын қойып, стационарлық емдеуге кеңес берді.

"Баламды амбулаториялық емдеуге мүмкіндік болса, мен бұл жерде болмас едім. Бала ентігіп, көгергенше қатты жөтелген. Дәрігерлердің үнемі бақылауы қажет. Палатада аналар, адам төзгісіз ыстыққа шыдауға мәжбүр. Көпшілігіміз үйден желдеткіш сұраттық, бірақ ол жай ғана ыстық ауа шығарады. Дәліздің соңында бір кондиционер бар, бірақ оның барлық бөлмені салқындатуға шамасы жетпейді. Қазір термометр 30 градус көрсетіп тұр, кейде ауа температурасы 39-ға жетеді. Науқастарды мазақ етіп отыр. Ыстықтан талып қаламыз ба деп қорқамын", – дейді науқастардың бірі.

Науқас ыстықтың ауруды асқындыратынын айтады. Оның айтуынша, қазірдің өзінде дене қызуы көтерілген балаларға сыртқы температураға шыдау өте қиын.

Науқастар бас дәрігерге жүгінгенімен, жылда бұл мәселенің туындайтынын және оны әзірге шешу мүмкін еместігін айтқан.

Бұл туралы медициналық мекеме басшылығы жауап берді. 

"Өздеріңіз білесіздер, Атырау облысында 5 шілдеден бастап қатты аптап ыстық басталды. Бұл ыстық біздің палаталарда да байқала бастады. Бүгінгі таңда біздің ауруханада салқындату құрылғылары дәліздердің барлық блоктарына орнатылған. Желдеткіштер қатты суық шығаратын болғандықтан, бұл балаларға зиян болуы мүмкін. Балалардың денсаулығы үшін оларды орнатуға болмайды. Аналардың түсіністікпен қарауын сұраймыз", – деді бас дәрігердің орынбасары Надя Ерғалиева.

Талқылау