Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтың Моника Беллуччиі": Маңғыстау полиция подполковнигін зейнетке шығарып салды

Лейла Саидова зейнетке шықтыФото: Видеодан скриншот

Маңғыстау облысындағы "қазақтың Моника Беллуччиі" атанып кеткен полиция подполковнигі Лейла Саидова зейнет демалысына шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оны ішкі істер органдарындағы 20 жылдан астам қызметінен кейін салтанатты түрде құрметпен зейнетке шығарып салды.

Ведомство мәліметінше, Лейла Саидова қызмет жолын 2009 жылы 18 мамырда Маңғыстау облысы ІІД ақпараттық-техникалық қызмет басқармасында техник лауазымынан бастаған.

2011 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін әкімшілік полиция бөлімшелерінде қызмет атқарып, әртүрлі лауазымдарды иеленген. Соңғы қызметі – Маңғыстау облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы ұйымдастыру және бақылау бөлімінің аға инспекторы.

“Қызметін аяқтаған Лейла Саидова өмірінің жаңа кезеңіне қадам басты – енді ол бар уақытын мейірім мен жылулыққа толы түрде ұлының тәрбиесіне арнайды. Ол үшін ұлы – күштің, ар-намыстың және мейірімділіктің басты үлгісі болып қала береді. Басшылық пен әріптестері адал қызметі үшін алғыс білдіріп, келер уақытта табыс тілейді", – деп хабарлады Маңғыстау облысы полиция департаментінде.

Айта кетейік, ол Қазақстан бойынша кең танымалдыққа 2025 жылғы тамызда ие болды.

Сол кезде әлеуметтік желілерде оның видеолары тараған еді. Онда ол арандатушы блогермен сабырлы әрі ұстамды түрде диалог жүргізген.

Желі қолданушылары оның кәсібилігі мен сабырлылығына ғана емес, сонымен қатар сыртқы келбеті жағынан италиялық актриса Моника Беллуччиге ұқсастығына да назар аударған. Осыдан кейін оған бейресми лақап ат берілді.

Видео желіде жылдам тарады, ал Саидованың өзі құқық қорғау органының қызметкері қандай жағдайда да салқынқанды бола алатынының жарқын үлгісіне айналды.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 10 Сәуір, 2026 17:30