Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзін қоғам белсендісі санайтындар бүлік тудырып жүр – Тоқаев 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында елде өзін қоғам қайраткері санайтын топтардың пайда болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

"Олар көбіне әлеуметтік желіні пайдаланып, биліктің дұрыс, бірақ көпке ұнамайтын шешімдері төңірегінде негізсіз дау-дамай тудырып, бүлікке себепкер болып жүр. Сондықтан халыққа барлық шешім жайында мұқият әрі жан-жақты түсіндіру өте маңызды. Бұл барлық өңірлерге қатысты. Кез келген жұмыс барынша ашық және түсінікті болуы керек", – деді президент.

Сонымен қатар бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде "Заң мен тәртіп" қағидатының мызғымастай орнығуға тиіс екенін айтты. Ол құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылыққа қарсы күресті күшейтуді талап еткенін атап өтіп, қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктерді ұйымдасқан қылмыстық топтар жасағанын еске салды. Мемлекет өткен екі жылда аса қауіпті қылмыстық топтарды әшкерелеп, олардың сыбайластары мен қаржы көздерін анықтағанын мәлімдеді. Сонымен қатар Талғар оқиғасынан кейін құқық қорғау органдары барлық қажет шараларды қабылдағанын және күдіктілердің қамауға алынғанын айтты.

Тоқаев Қазақстанға оралған азаматтардың ел заңдарына қатаң бағынуы керек екенін, олар шетелде биліктің талабын орындағандай, елімізде де заңсыз әрекеттерден аулақ болуы тиіс екенін жеткізді.



Еске салайық, отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторлармен келісім жасау мәселесін мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілік алудан қорқуымен байланыстырды. Тоқаев өз сөзінде экономикаға инвестиция тарту маңызды мәселе екенін айтты. Үкімет жедел жұмыс істеп, артық бюрократиядан арылуға тиіс деді президент.

Талқылау