Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Қожамжаровтың жақын серіктерінің бірі Талғат Махатовқа тағы бір айыптау үкімі шықты

Талғат Махатов-сотталушыФото: time.kz

Алматы қаласында Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған Талғат Махатовқа тағы бір сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Время" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның жазуынша, Бостандық аудандық №2 сотының судьясы Роман Селицкий Талғат Махатов жасаған қылмыстардың барлық егжей-тегжейін 87 беттік үкімге әрең сыйғызған. Махатов өзін қаржы полициясының генералы Қайрат Қожамжаровтың інісімін деп таныстырып жүрген.

Бұған дейін Махатов "Караванщики" ісі бойынша басты куәгер Медет Жамашевті өлтіргені үшін 20 жылға сотталған еді. Бұл істі ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері қаржы полициясының жоғары лауазымды офицерлеріне қарсы қозғаған, алайда іс сотқа дейін жетпей, өздері ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған.

“Агент Саныч” лақап атымен танылған Талғат Махатовқа Қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін тағы 15 жылға кесілді. Ал соңғы сот үкімі бойынша, ол аса ірі көлемдегі алаяқтық, қару мен жарылғыш заттарды заңсыз сақтау және сату, билік өкіліне күш көрсету немесе қорқыту деректері үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды.

Барлық үкімдердің жиынтығы бойынша судья Селицкий Махатовқа жалпы 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұл жолы Махатовпен бірге оның үш сыбайласы: Владимир Мальцев, Наталья Кобзева және Жанна Мәсімова сотқа тартылды. Айта кетерлігі, Жанна Мәсімова алаяқтық үшін бұған дейін үш рет сотты болған.

Іс материалдарына қарағанда, 2018 жылғы маусымда Махатов Алматыда кәсіпкер Ағайдаровпен кездеседі. Ол бұған дейін мемлекетке Тараз қаласындағы өзінің "Олимпик" спорт кешенін 800 миллион теңгеге сатқан. Сол сәтте Талғат Махатов бірден "алдау және сенімге қиянат жасау арқылы М.Е.Ағайдаровтың мүлкін аса ірі көлемде ұрлау" қылмыстық жоспарын ойлап табады. Махатов танысына мәміле бойынша салықты қайта есептеуде проблема туындағанын, бірақ бұл мәселені бас прокурор (сол кезде – Қайрат Қожамжаров) арқылы шешуге болатынын айтқан. Бағасы – 600 мың доллар.

Танысының шексіз "мүмкіндігіне" тәнті болған Ағайдаров тұрғын үй кешенінің автотұрағында ұлының көзінше Махатовқа 100 долларлық купюлар салынған сөмкені табыстайды. Сол кездегі бағам бойынша сөмкеде 201 600 000 теңге болған.

Бірнеше күннен кейін Талғат Махатов тағы 400 мың доллар сұрайды. Онысын бас прокурордың тағы бір тапсырмасын орындау үшін керек екенін айтады. Тағы да ақша салынған сөмке алып кетеді. Үкімде келтірілген дерек бойынша, бұрынғы агент Саныч бұл ақшаның бәрін өз қажетіне жұмсаған.

Махатов миллиондаған долларды қалтасына басқаннан кейін, бір айдан кейін Ағайдаровпен Қырғызстан шекарасындағы Қордай ауылында тағы кездеседі. Кездесуге  жәбірленушімен бірге бауыры Мейрамбек Ағайдаров, ұлы және тағы бір танысы қатысады. Олар Махатовтың тағы бір ертегісіне сеніп қалады: "бас прокурордың інісі" Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында су құбыры мен жер суғару арналар жүргізуге арналған 36 миллиард теңгелік тендерді ұтып алғанын, бірақ кепілдік жарнаға 700 миллион теңге жетпей тұрғанын айтады. Махатов ағайындарға осы соманы берсеңдер, тендерден 5 миллиард теңгеге қосалқы мердігерлік жұмыс аласыңдар деп уәде береді.

Бұған дейін уәде етілген "қызметті" әлі де көрмеген Ағайдаров Алматыға оралған соң тағы 900 мың доллар (сол кездегі бағам бойынша 309 600 000 теңге), тағы бірнеше күннен кейін 720 мың доллар (247 680 000 теңге) береді. Судьяның мәлімдеуінше, бұл қаржы да Махатовтың қалтасына кеткен.

2018 жылғы қыркүйекте Ағайдаровты Бас прокуратура қызметкерлері ақша жымқыру фактісі бойынша ұстайды. Махатов бұл жағдайды да пайдаланып, жәбірленушінің ағасына қылмыстық іс бойынша шығынды өтеу үшін 400 мың доллар төлеу керек екенін айтады. Сол ақшамен Ағайдаровты бостандыққа шығарып алуға болатынын жеткізеді.

Агент бұл жолы да ақша алады. Бірақ ағайындылар Махатовқа қарсы талап қоя бастағандықтан,  ал ол оны құқық қорғау органдарына хабарлайды деп қорқып, Таразға кетіп қалады.

Ол тағы бір амалын тауып, бауырларды сендіре алған көрінеді. Олар бас прокурордың "тапсырмасын орындау үшін" адвокаты Құрышбек Тәңірбергенов арқылы тағы 214 мың доллар беріп жібереді.

Сотта Махатов Ағайдаровтан жалпы 2 934 000 долларға (ресми бағаммен 1 009 374 000 теңге) алдағаны айтылды.

Бұл – бірінші алаяқтық фактісі ғана.

2019 жылы Махатов Наталья Кобзевамен танысады. Наталья жалған шот-фактуралар жазып, қаржыны қолма-қолға ақшаға айналдыруға маманданған. Соның ішінде Қытай арқылы да. Ал Махатов Қытай бағытын жақсы білген. Ол Т. Кибиров, К. Шамсутдинов және Мальцевпен байланыс орнатады. Олар Қазақстаннан Қытайға ақша аударумен айналысқан.

Махатов бизнестегі жаңа әріптестеріне ірі көлемде қаражаты бар екенін айтып, оны қолма-қол ақшаға айналдыру керек екенін жеткізеді. Қызмет үшін 8 пайыз сыйақы беруге уәде етеді. Ол үшін жалған шот-фактура да қажет емес дейді. Дәлел ретінде банктің төлем тапсырмасын ұсынатынын мәлімдейді.

Көп ұзамай Махатов Шамсутдиновтен Қытай компанияларының деректерін алып, Кобзеваға береді. Ол осы компанияларға жалған банк құжаттарын жасауын сұрайды, сол арқылы ақша Қытай банктеріне аударылғаны көрсетіледі. Кобзева алаяқтық екенін біле тұра, кәсіби қаржыгер Жанна Мәсімоваға жүгінеді. Сөйтіп, "ЭнерджиСтрой" және "Кәсіпкер 2020" ЖШС атынан 400 долларлық жалған халықаралық төлем жасалып, Құжаттар Махатовқа беріледі. Ол WhatsApp арқылы Мальцевке жібереді. Осыдан кейін оның сеніміне кіреді.

Кобзева мен Мәсімова Махатовқа серіктестерін алдауға көмектесіп, "ЭнерджиСтрой" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен Қытайдың "SHANDONG HIKING SHANGTONG INTERNATIONAL TRADING SERVICE CO., LTD" компаниясына 320 000 АҚШ долларын аудару үшін банк құжаттарын жасаған. Тағы бір транш – 350 000 доллар, одан кейін 330 000, 385 000, 344 000, 216 800 доллар.

Жалпы, Кобзеваның екі компаниясы Қытай банктеріне жалған құжаттар бойынша 2 936 800 доллар жіберген. Алаяқтар "First Heartland Jysan Bank" АҚ-ның жалған мөрін пайдаланып, жалпы 6 322 600 долларға жалған банк құжатын әзірлейді.

Махатов бұл құжаттарды Шамсутдинов пен Мальцевке жолдап, келіскендей 2 936 800 долларды қолма-қол беруді талап етеді. Бірінші транш – 650 000 доллар "Легенда" тұрғын үй кешенінің жерасты автотұрағында беріледі. 1 000 000 доллар – Жандосов көшесіндегі "ҚазМұнайГаз" жанармай бекетінде, қалған ақша "Ремизовка" кафесінде беріледі.

"2020 жылғы 26 маусым мен 1 шілде аралығында Махатов алдын ала сөз байласу арқылы Кобзева, Мәсімова және басқа тұлғалармен бірлесіп, алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен Т. Кибиров пен С. Щимаровтың жалпы 2 410 000 доллар ақшасын иемденіп алған (эквиваленті – 971 311 300 теңге)", – делінген сот хабарламасында.

Көп ұзамай Владимир Мальцев күдіктене бастайды: Қытай банктеріне ақша түспеген. SWIFT төлемдеріндегі техникалық сәйкессіздіктерді байқаған ол Махатовтан түсініктеме беруін немесе бухгалтермен кездестіруін талап етеді.

Әккі агент сұр схемасының ашылып қалуынан сескенеді. Кобзеваның өтініші бойынша Жанна өзін Мальцев пен Шамсутдиновке Қытайға ақша аударымдары жүзеге асырылатын банктің жоғары лауазымды менеджері ретінде таныстырды. Мәсімова ұсынылған банк құжаттарының мақсатына сай келетініне де, қаражаттың алушыларға аударылатынына сендірді.

Кейін Махатов Шамсутдинов пен Мальцевпен тағы кездесіп, "Бонатти С.п.А. - Казахстанский филиал" атты ірі мұнай-газ сервис компаниясына қатысы бар екенін айтып, тағы бір жалған әңгіме айтады. Бірақ бұл компания мен "Caspian Offshore Construction Realty" ЖШС арасында Атырау облысының мамандандырылған экономикалық сотында азаматтық-құқықтық дау қаралып жатқанын, осыған байланысты Махатов бұл компанияның айналымындағы қаражатқа иелік ете алмай отырғанын айтып,  Мальцевтен Кибировтан 2 миллион доллар қарыз алып беруін сұрайды. Махатов кейін Кибировқа қарызды толық қайтарамын деп уәде береді.

Ақырында Махатов Кобзева мен Мәсімованың көмегімен алдын ала сөз байласу арқылы Т. Кибиров пен С. Щимаровты тағы да алдап, жалпы сомасы 2 860 000 долларды иемденіп алған.

Аида Тақабаева
Жұма, 25 Шілде, 2025 15:59
Талқылау