Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзің босана аласың": Алматыдағы перзентханада сәбилерінен айырылған екі келіншек дәрігерлерді кінәлайды

Видеодан скрин

Алматыда перзентханада сәбилерінен айырылған екі келіншек, бұған дәрігерлерді кінәлайды. Олар ақ халаттылар уақытында қажетті көмек көрсетпей, салғырттық танытты деп шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Арай Ақан 5 мамырда көптен күткен сәбиін қолына аламын деп қуана перзентхана табалдырығын аттаған. Бірақ қуанышы ұзаққа созылмады. Айтуынша, дәрігерлер оның жағдайын назарсыз қалдырып, дер кезінде көмек көрсетпеген. Толғақ күшейген сәтте ота жасауын өтінсе де, “өзің босана аласың” деп келісім бермепті. Ақ халаттылар баланың жүрек қағысы нашарлағанын білсе де, ештеңе істемеді дейді. Тек арада біраз уақыт өткеннен кейін ғана барып, вакуум әдісімен босандырмақ болған. Алайда сол сәтте сәбидің жүрегі тоқтап қалған деп отыр.

"Баланың жүрек соғысы ұнамайды деді. Өзі солай айтты. Ота бөлмесін дайындаңдар деп бұйрық та берді. Артынша 15 минуттан кейін кіріп, ойынан айнып қалды. Сөйтіп таңғы 4-тен 5-ке дейін 1 сағат бойы ешкім кірген жоқ", – дейді Арай Ақан.

Гүлминям Низахунова да дәл осы перзентханада сәбиінен айырылғанын айтады. Сөзінше, 13 тамызда қан кетіп, жедел түрде ауруханаға түскен. Бірақ дәрігерлер мұндай жағдай қалыпты екенін айтып, ота жасамаған көрінеді. Тек төрт күн өткен соң келіншектің өзі баланың қимылдамай жатқанын сезіп, дәрігерге айттым дейді. Ал ол уақытта бала іште жатып, шетінеп кетіпті. Ең сорақысы - дәрігерлер өзімді кінәлі етіп шығарғысы келіп отыр дейді әйел.

"Дәрігерлер құжаттардың бәрін өзгертіп, мені 13-і күні үйіне кетіп, 17-сі күні толғатып келді деп жазған. Ал шын мәнінде мен осы уақыт аралығында перзентханада жаттым ғой. Мен перзентханада шыққаннан кейін ақ халаттылар үйге келіп, кешірім сұрады. Кешіре алмайтынымды айттым. Сол сәтте олар маған "сенің перзенттеріңнің бәрі қыз екен ғой, қаласаң, біз саған ұл бала сыйлайық" деп айтты. Бірақ мұны қандай оймен айтқандарын білмеймін", – дейді Гүлминям Низахунова.

Ал, қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері екі әйелдің мәселесі бақылауда екенін, тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

"Денсаулық сақтау басқармасы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментіне хат жолдаған. Нәтижесінде бір пациентке қатысты тексеру қорытындысы белгілі болып, ол әйелге хабарланған. Ал екінші жағдай бойынша департаментке қосымша хат жіберіліп, оның нәтижесіне сай тиісті шаралар қабылданбақ", – деп мәлімдеді Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Жәбірленуші тарап кінәлілер жазаланғанын қалайды. Сондықтан олар құзырлы органдарға шағым түсірмек.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте перзентханаға өз аяғымен барып, баласын аман-есен босанған Зарина Сұлтан жансақтау бөлімінде жатып, 33 күннен кейін көз жұмғаны туралы жазған едік. Марқұмның анасы дәрігерлердің жас ананың өміріне немқұрайлы қарағанын айтып, шағымданды.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 15 Қазан, 2025 22:58
Талқылау