"Өзімізге тиесілі үйге басып кіреміз": Алматыда әскери зейнеткерлер баспаналарының толық салынып бітпей жатқанына наразы
Алматыда 20 жылға жуық қорғаныс саласында қызмет етіп, зейнетке шыққан азаматтар өздеріне тиесілі баспана 2014 жылдан бері толық салынып бітпей жатыр деп наразы. Тіпті жаңа үйлердің тұрмыстық техникалары ұрланып бітетін болды дейді. Ал қазір өздері тұрып жатқан әскери жатақхананы 15-сәуірге дейін босатулары керек екен. Амалы таусылған запастағы әскерилер құрылысы аяқталмаған пәтерлерге басып кірмекші, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Бес қабатты 4 үй әскери зейнеткерлерге арналып салынған. Тапсырыс беруші – еліміздің қорғаныс министрлігі. Алайда пәтерлер зейнеткерлерге әлі күнге дейін берілмей келеді. Кешеннің алдына жиналған 30-дан астам адам мұндағы баспанаға басып кіруден басқа амал жоқ дейді.
"Біз шықпаймыз. Өзіміз кіріп алдық. Өйткені қорғаныс министрлігін күтіп-күтіп шаршадық. Міне кілтіміз. Мен өз басым үл бөлмелі пәтерді алдым. Қалғандары өздеріне белгіленген пәтерлерді алды. 23 жасқа дейінгі баланы есептедік те өзіміз кіргіздік. Ешқандай қаржы төлемейміз", - дейді әскери зейнеткер Қайрат Жүндібаев.
4 гектар аумақта орналасқан 4 үйге 1 ғана күзетші қарайды екен. 10 бейнебақылау камерасы орнатылғанымен, құрылыс материалдарын қолды қылып жатыр. Тіпті құрылысы 100 пайыз аяқталған үйге кіріп, тұрмыстық техникаларын ұрлап кетеді екен.
Мұндағы әскери зейнеткерлер қазір қызметтік жатақханада, яғни, бұрынғы казармада тұрып жатыр. Жылыту маусымы аяқталған соң ол жерден де шығарылатыны туралы хабар келіпті. Дәл осындай жағдайда Қазақстан бойынша 333 әскери зейнеткер өмір сүріп жатыр дейді жиналғандар.
"Мына әскер қатарын көбейтеміз деп қайтадан казарманы алмақ ойлары бар. Ертең казарманы алса мен үш баламмен, мына жерде тұрған басқа да әскери зейнеткерлер бар. Бұлар қайда барады?", - дейді әскери зейнеткер Ізбасар Айтанов.
Отан үшін қызмет еттік деген запастағы әскерилер өздеріне лайықты баспаналарын алсақ дейді. Ал қорғаныс министрлігі аталған үйлер 2023 жылы қолданысқа берілетінін айтып, оған дейін зейнеткерлерді қазіргі тұрып жатқан үйлерінен ешкім шығаруға құқы жоқ екенін жеткізді. Енді, 300-ден астам бұрынғы қызметкерге күтуден басқа амал жоқ.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
