Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзімді жек көріп, өлгім келді": Қоғамнан қысым көрген толық қыздардың қандай адам шошырлық әрекетке баратыны белгілі болды

Бүгінде ауыр салмақтың кесірінен қоғамда өздерін жайсыз сезінетін қыз-жігіт көп. Болмысы толық арулар жан-жағынан жағымсыз сөз естуден әлдеқашан жалыққан. Кейде суицид жасауға дейін барады екен. Олардың жаратылысын келемеждеп, мазақ қылатындарға тоқтау салу мүмкін болмай тұр. Қаршадайынан буллингке тап болған Камила мен Айым есімді қыздар Stan.kz тілшісіне артық салмаққа қатысты бала кезден бері көрген түрлі қиындықты айтып берді.

   

Камила Еңсеген есімді кейіпкеріміз бүгінде 25 жаста. Ақтаулық арудың жасөспірім шағында денсаулығы сыр беріп, ойда-жоқта дене бітімі толыса бастаған. Бойжеткеннің болмысындағы бұл өзгерісті байқаған құрбы-құрдастары келеке қылып, мазақтаған көрінеді. Қатарластарынан қысым көрген, яғни буллингке ұшыраған қыз өз-өзін өлтіру үшін түрлі қадамды ойластыра бастайды.


  

"Мені мектептегілер "май" дейтін. Сол кезде өз-өзіме қол жұмсау туралы ойлар болды. "Қазір арықтамасам, ертең де арықтамаймын. Ондай өмір маған не керек?" деп ойлайтынмын. Өйткені адам баласына ең бірінші керегі махаббат қой. Ал менде махаббат болмады, сондықтан мен айналамнан іздедім. Мысалы, маған ата-анам бермеген махаббатты мен өзгелерден іздей бастадым. Сондықтан мен өзімді жек көрдім, иә, өлгім келді. Бір кездері бір торт алып, соны жеп, асқазаным жарылып өлсем екен деген ойлар да болған. Мысалы, Маңғыстау облысында бір таныс қыз өз-өзіне қол жұмсаған. Ол мектепте, университетте буллингке ұшыраған. Соңында жігіті "арықтасаңшы" деп астарлап айтқан. Сосын ол қыз өз-өзіне қол жұмсап, "Мені кешіріңдер, мен бұл әлемге сонша ауыр екенімді білмеппін" деп қағазға жазып кеткен. Сөз сүйекке батады ғой. Кейбір сөздерді адамдар көтере алмауы мүмкін", – дейді Камила Еңсеген.

Бала кезден толық бітімімен көптің көзіне түсіп, жиі сынға ұшырайтын кейіпкеріміздің бірі – Айым Смағұл. Оны оқушы кезінде сыныптастары да, мектептегі мұғалімі де шеттеткен екен. Қазір 25 жастағы қыз медицина саласында білім алып жүр. Қаршадайынан ауыр салмақпен алысқан ару қазір де толықтығы үшін жұрттан сөз еститінін айтады.

 

"Мен ес білгелі томпақпын, толықпын. Буллинг мектеп кезінен басталды. Үйден шықпай қойған кездер болды. Себебі өзіңді ешкімге керек емес сезінесің. Бүкіл әлем саған қарсы сияқты боп тұратын. Би сабағынан беретін мұғалім буллинг жасаған болатын. Мен томпақ бола тұра басқа арық қыздардан жақсы билесем де, мені сахнаға шығармайтын. Себебін сұрап едім, "саған билейтін киімдер сыймайды" деп айтты. Бұл мен үшін ауыр соққы болды. Әлеуметтік желіде де жағымсыз пікірлер жазады. "Семіз", "қабақ", "борсық", "ботқа" , "аю" дейді. Біз мына жақта 5 бала туып, былай өзімізді жібермейміз. Олар жас болып, бала тумай, осылай семіріп кетеді. Не деген сұмдық?" деген сияқты пікірлер болады. "Эй, мұндай семіздерді ешкім алмайды. Бұлар афроамерикалықтарға ғана қызық" дейді жігіттер тарапынан. Менің айтарым, жақсы көретін адам сені осы болмысыңмен де жақсы көреді", – дейді Айым Смағұл.


 
Осы уақытқа дейін түрлі жағымсыз сөздерді естіп, қоғамның қысымына ұшыраған Айымның бүгінде оң-солын таныған. Оның қазіргі таңда буллинге тап болған жасөспірімдерге айтар ақыл-кеңесі бар. 

"Өзіңді сүй, әрдайым өз ойыңды ашық айт. Сені біреу ренжітсе де, кемсітсе де айту керек. Мен сені тыңдауға әрқашан дайынмын, мен сенімен доспын. Сен мен үшін өте керек адамсың. Сонымен қатар қоғамдағы әртүрлі адамдарды көрсететін едім. Ол өте маңызды нәрсе. Мысалы, толық адамдар да бар, арық адамдар да бар. Мүгедек адамдар да бар, бойы ұзын, бойы қысқа адамдар да бар. Ол адамдардың бәрі бақытты болуға лайықты. Балаларды дәл осындай түсінікпен өсірер едім", – дейді Айым. 


Сондай-ақ артық салмақпен арпалысқан Камила Еңсеген де сырт көздің сынына мән бермеу керектігін айтады.  

"Бұл өмір сондай қысқа. Көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Мысалы, мен кеше 15 жаста сияқты едім, қазір 25 жастамын. Өмірім өтіп кетіпті. Өз-өзіммен алысып жүрген кезде қанша оқиғаларды, қаншама жақсы адамдарды жоғалтқанымды білмеймін. Сондықтан ештеңе етпес. Менің әрдайым айтатын сөзім: "Сіз толық болсаңыз да, арық болсаңыз да, өмір бәрібір өтеді. Сондықтан оған бас қатырудың қажеті жоқ. Күндердің бір күнінде керек болса – арықтап аларсыздар, керек болмаса –  ештеңе етпес", – деді Камила.  

Видеосұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз!


 

Талқылау