Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзім демеушілік етемін": Ақтөбеде 23 жастағы ерікті он жылдан бері қайырымдылықпен айналысады

Арай Жұмабайқызы Бержанова – Ақтөбе облысының үздік волонтері атанған 23 жастағы ерікті. Он жылдан бері қайырымдылық жасаумен айналысатын жан қазіргі таңда жүзге жуық жастарды жиып, қайырымдылық қорын ашқан. Ақтөбелік белсенді өз командасымен бірнеше сәбидің өмірін сақтап қалуға үлес қосып, балалар үйі мен қарттар үйіне барып тұрады. Ол Stan.kz тілшісіне еріктілік жолындағы жетістіктерін айта отырып, мұндай іспен не себепті шұғылданып жүргенін айтып берді.

Арай Бержанова 13 жасынан бастап қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған. Айтуынша, бала күнінен адамдарға көмектескенді ұнатады. Мектеп кезінде де, университет қабырғасында да еріктілікпен айналысқан. Үш жыл бұрын ресми түрде “Райян” еріктілер тобын ашып, қазіргі таңда жастармен бірге көп балалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға көмектеседі. Жағдайы төмен отбасылардың пәтерақысын төлеп, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Айтуынша, қайырымдылық ұжымында қазір жүзге жуық ерікті бар және олардың көпшілігі – студенттер.

Осы уақыт ішінде 23 жастағы ерікті облыс бойынша “Үздік волонтер”, “Жас талант” төсбелгісімен марапатталған, “Жыл волонтері” атанған, ал “Райян” тобы үздік волонтерлік топ болған.

“Көбінесе балалар үйі мен қарттар үйіне барамыз. Оларға концерттік бағдарлама қойып, ойындар ұйымдастырамыз. Көңілдерін көтеріп, бөлмелерін жинап береміз”, – деді ақтөбелік ерікті.

Олар тек Ақтөбе облысы емес, барлық облыс бойынша көмек беруге тырысатынын айтты. Осыған дейін Атыраудағы балалар үйіне, Алматы, Астанаға және Орал сынды қалаларға барып, еріктілік қызмет атқарған. 

Өз еріктілер ұжымы бар 23 жастағы белсенді волонтер болу көпшілік ойлағандай қиын емес екенін дәлелдеп жүр. Себебі өзінің отбасы, балалары және кәсібі болса да, бұл істі де қатар алып жүруге уақыт табады. 

“Жақсылық үшін әрқашан уақыт табуға болады. Біреуге көмектессең, оның қайтарымы басқа жақтан оралады. Сол себепті мұны уақыт тапшылығына сілтеу орынсыз”, – деді ол. 

“Жылы сөз айтқан сайын мені еске алады”

Айтуынша, еріктілікпен айналысқандағы ең үлкен жетістігі – үш жасар Жансаяның еміне көмектесуі. Екі құлағында да есту қабілеті тежелген қыздың отасына 12 миллион теңге қаржы керек болған. Осы тұста еріктілер түрлі амалдар іздестіріп, Ақсай ауруханасында отаны тегін жасайтындай мүмкіндікті тауып берген. Арай Бержанова қазір үштегі Жансаяның ота сәтті өткенін, есту қабілеті жақсы екенін айтып, өз ұжымына қуанышын білдірді. 

“Бір күні пойызда жолда отырғанымда, бір апа “Балам-ау, неге мұндай үлкен жауапкершілікті мойныңа алдың?! Өзің шаршайсың ғой” деді. Еріктілік деген осы емес пе?! Енді бүлдіршін өсіп, жақындары балапанға жылы сөз айтқан сайын мені еске алатын болады”, – деді ол.

Одан бөлек тағы бір кішкентай балаға 750 мыңдық мүгедектер арбасын алып берген.

“Өзім демеушімін”

Ақтөбелік ару көп жағдайда қаржыны желі қолданушыларынан жинап емес, ұжыммен концерттік бағдарламалар қою арқылы табады екен.

“Осындай жобаларды іске асыру үшін өзім демеушілік етемін. Бөлек кәсібім бар. Сонымен қатар еріктілер ұжымымен бірге әр ауданға барып, қайырымдылық концертін ұйымдастырамыз. Содан түскен қаржыны іске жаратамыз”, – дейді ақтөбелік ару. 

Сондай-ақ олардың жобасына жәрдем ететін ақтөбелік кәсіпкерлер де табылатынын тілге тиек етті. 

“Еріктілік – еріккеннің ермегі емес”

Бержанова еріктілікпен айналысқанда, көптеген өмірлік сабақтар алуға болатынын айтты. Ол еріктілердің қызметі адамды жақсы жаққа тәрбиелейтініне сенімді. 

“Еріктілікті қазіргі таңда еріккеннің ермегі деп санайтындар көп. Әсіресе, жастар ештеңені тегін істегісі келмейді. Бірақ ерікті болу ерігу емес, сол арқылы көп нәрсені үйренесің, мүмкіндіктерге ие боласың. Өз көзіңмен түрлі адамдарды көріп, мейірімділік оянады. Жағдайы өзінен төмен адамдарды көргенде, шүкір етіп, оларға көмектесуге құлқы артады. Ата-ана баланы еріктілікпен айналысуға жіберу керек. Балалар үйіне барған бала өз ата-анасының қадірін түсінеді”, – деді “Райян” орталығының жетекшісі. 

Талқылау