Қазақстандық пәтері мен кәсібін сатып, үйсіздерге арналған панажай ашқан
Фото: Қарағанды облысының полиция департаменті
Қарағандыда 80-ге жуық қарт пен үй-күйсіз жан бір шаңырақ астында тұрып жатыр. Қайырымдылық мекемені ашу үшін тұрғын Ләззат Мусина бар жылжымалы және жылжымайтын мүлкін сатып жіберген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ләззат Мусина 80 тұрғынды бағып-қағып, ал бір бөлмелі жалдамалы пәтерде отбасымен бірге тұрып жатыр. Оның бес баласы бар. Олардың екеуі кәмелетке толған және отбасын құрған. Ал үш кенжесі аядай бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Алайда бес жыл бұрын оның пентхаусы және үйір жылқысы мен жеке фермасы болған. Ләззаттың өзі заңгер. Оның қайырымдылық мекемесін ашуына заңгерлік кеңеске мұқтаж жандарға көмектесуі себеп болған.
“Бәрі фермадағы сүт өнімдерін үйсіз-күйсіздерге тегін таратудан басталды. Содан кейін қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесе бастадым. Құжаттарын жоғалтқандар, баспанасыз, күнкөріссіз қалғандарға кеңес беріп жүрдім. Кейде құжаттар мен жәрдемақы алу үшін оларды пәтеріме тіркеуге тура келетін. Тіпті мені танитын учаскелік полицейлер де үйсіз-күйсіз жүргендерге жеке куәлік алуға көмектесуімді өтінді. Бәрі осылай басталды. Оларды аядым. Бастапқыда күйеуім екеуміз үй жалдап, оларды сонда жинай бастадық. Оларға қолдан келгенше көмектестік. 2021 жылы қала әкімдігі мен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарластық. Олар бізге панасыз және жалғызбасты қарттар үшін баспана ашу туралы кеңес берді. Құжаттарды жинап, бәрін заңды түрде рәсімдеуді ұсынды. Біз жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен "Киелі шаңырақ" қайырымдылық орталығын құрдық”, – дейді Ләззат Мусина.
Алғашқы төрт жылда орталық жалдамалы пәтерлерде орналасты. Ләззат пен оның күйеуі Әсет бірнеше рет қоныс ауыстырып, көшіп жүрген. Банк олардың коттеджден шығуын талап еткен соң, үйді сатып алуға бел буған. Осы мақсатта Әсет шаруашылығын, ал Ләззат үйін сатқан. Бірақ қаржы жетпеген соң, несие алған. Қазір оны ай сайын төлеп отыр екен.
“Бастапқыда мұндай жоспарларымыз болған жоқ. Малды, ферманы саттық, ақша іздедік, жетпей қалды. Несие алу керек пе, деп ойландық. Алайда айына төлем 3 миллион теңге. Сол кезде Ләззат үйімізді сатуды ұсынды. Бізде екі қабатты пентхаус болды. Қарсы болдым. Бес баламыз бар, қайда барамыз, деген ой болды. Сосын бес адамды көшіру оңай ма, әлде 50 адамды ма деген сұрақ туды", – дейді "Киелі шаңырақ" қайырымдылық орталығының директоры Әсет Мусин.
Қарттар үйінің тұрғыны Сарқыт апа – Қарағандының тумасы. Кезінде Астанада ұлының қолында тұрған. Бірақ үлкен қаланың қарбалас тіршілігінен шаршап, туған жерге оралған. 70 жастан асқан соң көзі нашарлап, кейінгі жеті жылда мүлде көрмейді. Қазір осы орталықта тұрып жатыр.
“Ләззат – жүрегі кең, мейірімді адам. Мұнда кей қарттарда зейнетақы да жоқ. Кейбірінің тіпті құжаты да жоқ, туыстары да бас тартқан. Бірақ Ләззат бәріне бірдей қарайды. Бізді жиі сұрастырып, хәл-жағдайымызды біліп тұрады. Әсет те қолынан келгенше көмектеседі. Кейде жөргектерін ауыстырып, тазалығына қарайды. Бұл жерден кеткім келмейді. Мұнда өз замандастарым бар, жағдайымыз жақсы”, – дейді Сарқыт апа.
Жыл сайын көмекке мұқтаж жандар саны көбейіп жатыр. Осыған байланысты Ләззат пен Әсет кеңірек жаңа орталық салуды жоспарлап отыр. Олар бірнеше жылдан бері биліктен жер сұрап келеді.
Фото: Қарағанды облысының полиция департаменті
Қарағанды қаласы әкімдігі Мусинаға Күнгей ықшамауданынан жер ұсынылғанын айтты.
“Ләззат Мусина әлеуметтік нысан (қарттар үйі) құрылысына жер телімін беру мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органға ауызша жүгінген. Кездесу барысында Жер кодексінің 48-бабына (Мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта (аукциондарда) алу) сәйкес жүзеге асырылатыны туралы түсіндірмелер берілді. Аукционға шығарылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізу үшін "Қарағанды қаласы әкімінің аппараты" ММ-не өтінімді және қоса берілген жер учаскесінің орналасу схемасын ұсыну қажет. Мусина ханым осы күнге дейін "Қарағанды қаласы әкімінің аппараты" ММ хабарласпаған”, – делінген хабарламада.
Алайда Ләззаттың айтуынша, әкімдік ұсынған жерде не су, не кәріз құбыры, не жол жоқ. Ал мұндай жер қарт адамдар үшін, әсіресе жүре алмайтын жандар үшін қолайсыз дейді Мусина.
“Біз билікке бірнеше рет өтініш жасадық, телебағдарламаларға да шықтық. Өз күшімізбен орталық салуға дайын екенімізді айттық. Мемлекеттің меншігіне өткізсе де, бәрібір. Бізге шеткері, дала жақтан, биік төбенің үстінен жер бергісі келді. Ол жақта су да, жарық та жоқ, жедел жәрдем де жете алмайды. Ондай жерде қалай қарттарға арналған орталық саламыз?”, – дейді Мусина.
Әзірге қарттар мен үйсіз жандар бір коттеджде және жалдамалы үйде тұрып жатыр. Бірақ Ләззат пен Әсет үлкен әрі жайлы орталық салуға ниетті. Олар қамқорлық пен жылуға зәру жандарға шын жүректен көмектескісі келеді.
Өздері болса бес баласымен бір бөлмелі пәтерде тұрып жатыр. Бірақ Ләззат ештеңеге өкінбейді.
“Жаңа үйге алғаш көшкен түні ұйқымнан оянсам, кішкентай қызым жерге, үстелдің астына сырғып түсіп, сонда ұйықтап жатыр екен. Жүрегім ауырып, жылап жібердім. "Мен шынымен өз балаларыма осынша қиянат жасадым ба? Өзімше емеспін бе?" деп ойладым. Бірақ артқа қарасам, артымызда тағы 50 адам бар. Сол кезде өзіме "Бес адамға қиын ба, әлде елу адамға ма?" дедім, – дейді "Киелі шаңырақ" орталығының негізін қалаушы Ләззат Мусина.
Айта кетейік, Ләззат қарттар үйінен бөлек, әйелдер мен балаларға арналған орталық та ашқан. Ол жерді тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген аналар мен балалар паналап жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы қарттар үйін паналаған қария жанайқайын жеткізгені туралы жазған едік.

"Есік-терезе жақтаулары бүлінген, едені тесік": Алматылық RAMS Qazaqstan-нан 85 миллион теңгеге алған пәтеріне шағымданды
