Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзі де ізіне түскенін біліп жүрді": Махамбет Абжанның жақындары мен туыстары журналистің ұсталуына қатысты пікір білдірді

3 шілдеде саяси мазмұндағы жазбалары арқылы танылған журналист әрі белсенді Махамбет Абжан ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, журналист кәсіпкерден ақша бопсалады деген күдікке ілінген. Дегенмен Махамбеттің туыстары мен таныстары мұндай айыппен келіспейді. Айтуларынша, бұл – журналисті темір торға тоғыту үшін қазылған ор, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Махамбет Абжан

Махамбет Абжан 1983 жылы 22 маусымда Ақмола облысы Степногорск қаласында дүниеге келген. Көпшілікке журналист ретінде танылған ол Exclusive журналында жұмыс істейді. Ал бұған дейін KazTAG ақпарат агенттігінде қызмет еткен.

Журналист шілденің басында Telegram-арналарда өзін “ақпарат киллері” және “кішкентай алаяқ” деп атаған жазбаларды жариялады. Абжанға қарсы ақпараттық шабуыл ұсталғанға дейін бірнеше күн бұрын басталған. 

Үстінен бірнеше рет іс қозғалған белсенді

2002 жылдың қарашасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Махамбет Абжан, Жанбота Қарашолақов пен Азамат Жетпісбаев "Қазақстан патриот жастарының одағын" құрады. Ұйымның филиалдары Қарағанды, Тараз, Семей, Астана, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында ашылған және құрамында 5 мың адам болған. 

Алайда кейін ұйымды құрған үштік университеттен қуылған. Олардың сөздерінше, оқудан шығару үшін университет басшылығы түрлі себептерді атаған. Ал 2005 жылы қаржы полициясы Махамбет Абжан мен Азамат Жетпісбаевқа қатысты "Мемлекет қаржысын мақсатсыз шығындау" бабы бойынша іс қозғаған. Алайда Абжан мен Жетпісбаев Қырғызстанға қашып, сол жақта қолға түскен. Осы жылдың 2005 жылы Махамбет Абжан үш жылға бас бостандығынан айырылған. Ал Жетпісбаев екі жылға шартты түрде сотталған. 

2014 жылы белсенді Махамбет Абжан "Қазғарыш" ғимаратының алдында "Антигептил" қозғалысының жиыны кезінде ұсталған. Аталмыш қозғалыс "Протон" зымырандарын ұшыруға қарсы акциялар өткізген. 

Ал 2016 жылы журналистің үстінен тағы да қылмыстық іс қозғалды. Бұл кезде ол "Шаңырақ" республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры қызметін атқарды. Ұйым алданып қалған "Ата-кент" тұрғын үй-құрылыс кооперативі салымшыларының қызығушылығын қорғаған. 

Махамбет Абжанға "Ынтымақ Құрылыс Астана" ЖШС басшысының мүлкін заңсыз иемденіп алды деген айып тағылып, 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар полицейлерді балағаттағаны үшін 100 АЕК айыппұл салынып, тағы 1 жылға шартты түрде сотталды. 

Президент сайлауына қатыспақ болған 

2009 жылы абақтыдан шыққан Махамбет 2010 жылдан бастап "Абырой” жастар қозғалысын басқарды. Ұйым КИМЭП университетіндегі "заңсыз әрекеттерге" қатысты тергеу жүргізуді талап еткен. 

Ал 2011 жылы Қазақстан президентінің сайлауы кезінде 27 жастағы Махамбет өз кандидатурасын ұсынды. Алайда Орталық сайлау комиссиясы жас шектеуіне байланысты белсендінің кандидатурасын қабылдамай тастаған.

"Қаңтар" оқиғасы кезіндегі белсенділігі

2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда орын алған тәртіпсізідктер кезінде Махамбет Абжан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жағдай туралы желідегі парақшаларында жариялап отырды. Сонымен қатар шетелдік басылымдарға сұхбат беріп, өз пікірін білдірген. Алайда "Дождь" арнасына берген сұхбатынан кейін белсенді полицейлердің ізіне түскенін айтқан. 

Көп ұзамай туыстары Махамбет Абжанның із-түссіз жоғалғанын, ешкіммен байланысқа шықпағанын мәлімдеген. Көпшілігі Абжанды полиция ұстап алды деп болжады. Алайда 20 қаңтарда Махамбет қалада жасырынып жүргенін мәлімдеді. 

Кейін Махамбет өзінің "қорғануға құқығы бар куә" ретінде қылмыстықі ске қатысып жатқанын айтты. Ал 24 наурызда журналиске қатысты тергеу тоқтап, барлық айып алынып тасталды.

“Ешқандай адам үйінің алдында 50 миллион теңге көлемінде ақша бопсаламайды”

Махамбет Абжанның ұсталуына қатысты пікір білдірген белсенді Назгүл Маханова журналистің жазығы жоқ екенін, ал ұсталуына әлеуметтік желідегі жазбалары себеп болуы мүмкін екенін айтты.

"Біз мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік мәселелерін көтереміз. 2021 жылы біздің талаптарымызды билікке жеткізген адам Махамбет Абжан болды. Сол жылдың 3 желтоқсанында Еуропарламентке үкіметтің үстінен санкция түсірдік. Бірақ мені және тағы бір белсендіні ҰҚК қызметкерлері жатақханадан шығармай қойды. Осы сәтте Махамбет бізге қолдау көрсетті", – дейді белсенді. 

Назгүл Маханова журналист дәл үйінің алдында пара алды дегенге сенбейтінін айтты. 

"Меніңше, Махамбет Абжанға ор қазылды. Әйтпесе ешкім бопсалаған ақшасын үйінің алдын алмайды. Ақылға қонымсыз ғой. Бұған мен сенбеймін. Махамбеттің өзі қазіргі билік үшін икемге келмейтін "ыңғайсыз" адам болды. Тіпті “Қаңтар” оқиғасы кезінде де полицейлер үйінен шықса, отбасын газбен улайтынын айтып қорқытқан. Сол кезде үйіне мүгедектер болып бардық. Полицейлермен де сөзге келдік. Ал полиция қызметкерлері үйінің алдынан кеткен соң, ол екі апта қашып жүруге мәжбүр болды. Сондықтан желідегі ақпараттың ешқайсына сенбеймін", – деп түйіндеді ол.

Махамбет Абжанның туған інісі Асхат Абжанов та ағасы ақша бопсалады деген айыппен келіспейтінін мәлімдеді. 

"Таңғы сағат 07:00-де ұсталды. Кейін анам барды. Сағат 09:00-ге дейін ақшаны санап, видеоға түсірді. Алдымен Махамбеттің үйін, сосын анамыздың үйінде тінту жүргізді. Тергеу үшін анам мен ағамның телефонын тәркіледі. Тексеру кезіндегі заң бұзушылықтар болмады. Дегенмен болған жайтты видеоға түсіріп, бірден желіде жариялауға қаншалықты құқылы екенін білмеймін", – деді Асхат Абжанов. 

Інісінің айтуынша, Махамбеттің ұсталуына желідегі жазбалары себеп болған. 

"Әлеуметтік желіде пара және саяси мәндегі көп жазба жариялады. Өзі де ізіне түсіп, қандай да бір шабуыл жасалатынын біліп жүрген. Әрі Telegram-арнасы да белсенді жұмыс істеп тұр. Сондықтан ізіне түскенін біле тұра біреуден ақша бопсалады деп айыптау миға сыймайды", – деп түйіндеді Асхат Абжанов. 

“Оны ұстау кезінде заң бұзылған”

Ал Махамбет Абжанның қорғаушысы Бауыржан Азанов бопсалау бабы бойынша қозғалған істерді Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері ғана тергей алады дейді. 

"Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 187-бабына сәйкес мұндай тергеуді ІІМ бөлімшелері жүргізуі тиіс. Алайда журналистті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұстап отыр. Осы сұраққа әзірге ешкім жауап берген жоқ. Егер жауап алмасақ, тиісті органдарға шағым түсіреміз. Қазір өтініштерімізді дайындап қойдық", – деп мәлімдеді қорғаушы. 

Қорғаушының сөзінше, Махамбет Абжанның демалыс күні ұсталуы да күдік тудырған.

"Ол – журналист. Агенттік араласатындай ешқандай шенеунік немесе мемлекеттік қызметкер емес. Сонымен қатар күдікке ілінген 194-бап "Бопсалау" жемқорлыққа жатпайды. Демалыс күні таңғы 07:00-де ұстап, мұны бірден желіде жариялауы да сұрақ тудырады. Өзімен 3 шілдеде кездестім. Ұсталуына қатысты жеке мәлімдеме жасайтынын айтты”, – деп түйіндеді Бауыржан Азанов. 

Талқылау