Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ауыл мектебін сақтап қалу үшін: СҚО-да 7 баласы бар отбасы тағы 8 бүлдіршінді асырап алды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Сулышоқ ауылында осыдан 3 жыл бұрын оқушы саны азайып, елді мекендегі білім ошағын жабуға тура келді. Бірақ Нүсіповтер әулеті өзінің 7 баласына қоса 8 жәудіркөзді асырап алып, ауылының тарап кетуіне жол бермеді.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Асхат пен Гүлнұр асырап алған 8 бала бір отбасына қуаныш сыйлап қана қоймай, бүтін бір ауылдың тұтастығын сақтап қалды. Қазір он бесі бір үйдің балаларындай тату-тәтті тірлік кешіп жатыр. Бұған дейін Гүлнұр мектеп директоры болған, ол қызметінен балалар үшін бір жола бас тартты. Бүгінде бастауыш сыныптың мұғалімі.  

"15 баланы тәрбиелеу оңай да, қиын да емес. Өйткені, балалар бір-біріне сабағын жасағанда көмектеседі. Малға қарасады, папасына көмектеседі. Өзіміздің жазылған, қалыптасып қалған күнделікті тіршілігіміз бар" - деді көпбалалы ана Гүлнұр Ахаева. 

Осыдан үш жыл бұрын 10 шақты ғана оқушысы бар ауыл мектебін жабу туралы мәселе туындады. Мектеп ауылдың болашағы, сондықтан білім ошағын сақтап қалу үшін Гүлнұр Атыраудағы жетімдер үйінен 4 баланы асырып алды, кейін тағы төртеуін бауырына басты. Мектеп болған соң, ауылға түстіктен бірнеше отбасы көшіп келді. Қазір оқушылар мен шағын орталыққа баратын бала саны 50-ден асты.   

"Қазіргі жағдай қуантарлық. "Көші-қон" бағдарламасы аясында басқа өңірлерден отбасылар келіп жатыр", - деді мектеп мұғалімі Тамаша Біркенова.

"15 бала тізіліп мектепке бара жатқанын көреміз. Бір-біріне қолдау көрсетеді", - деді ауыл тұрғыны Ұлбосын Темірбекова.

Сулышоқта қазір 35 отбасы түтін түтетіп отыр. Сырттан қоныс аударғандарға тағы 10 үй салынып жатыр. Ауыл халқының саны осы қарқынмен өсетін болса, жабылады деген мектептің орнына жаңасын салуға тура келеді.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 14 Қыркүйек, 2020 08:51
Талқылау