Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өздерін жұмыс беруші ретінде таныстырады": Ақтаулық қыз интернет алаяқтықтың жаңа түріне қалай алдана жаздағанын айтып берді

Интернетте алаяқтықтың жаңа түрі пайда болған. Алаяқтар өздерін жұмыс беруші ретінде таныстырып, жұмыс іздеу сервистеріне өз түйіндемесін жүктегендердің базасын жинақтап алады. Кейін резюмесін жүктегендерге хабарласып, жұмыс ұсынады. Келіскендерге алғашында тапсырмалар бергенімен, кейін олардан ақша алып, екі еселеп қайтарамыз деп талайды сан соқтырған. Қаскөйлердің арбауына түсе жаздаған ақтаулық қыз Stan.kz тілшісіне жұмыс ұсынатындардың халықты қалай арбайтынын және қандай айла қолданатынын айтып берді. 

Бақыт Қожантаева – SMM маманы. Ол клиент тарту мақсатында жұмыс іздеу сервисіне өзінің түйіндемесін жүктейді. Араға уақыт салып, оған әлдекімдер хабарласып, жұмыс ұсынады. Айтуынша, ойын-сауық орындары, сауда орталықтары немесе дүкендерге жағымды пікір жазғаны үшін күніне ақы төлейміз деген.

“Бұрын-соңды пікір жазу арқылы табыс табуға болады дегенді әлеуметтік желі, тіпті блогерлердің жарнамаларынан көретінмін. Пікір жазғаныңыз үшін күніне 4000-5000 теңге беріледі деді. Оңай табыс көзі болғандықтан әрі қызық болып көрінгесін келістім”, – деді ару.

Жұмыс берушілер өздерін Google компаниясы ретінде таныстырып, күніне 300 тапсырмаға дейін берілетінін түсіндірді. Әрі олардың профильдегі суретінде Sulpak, Technodom, т.б. атақты компаниялардың логотиптері тұрады екен.

Айтуынша, осыдан кейін оны Whatsapp сілтеме жіберу арқылы топқа қосқан. Топтың ішінде елу шақты адам болыпты. Ол бұл жұмысты үш күн істегенін айтты.

Жұмыс берушілер топқа бәрін қосқаннан кейін оларды ережелермен таныстырды. 

“Әр жариялаған пікірді скриншот түрінде топқа жіберіп отыруымыз керек. Бір жағымды пікір жазғаннан кейін картаға 300 теңге түседі. Бізге ақшаның түскенін дәлелдейтін түбіртекті өздеріне қайтадан жіберуімізді талап ететін”, – деді ақтаулық бойжеткен.

Алғашында бәрі керемет көрінгенімен, әрі қарай күмәнді дүниелер байқала бастаған. Екінші күні кешке олар VIP тапсырмалар берілетін топтың бар екенін айтып, қолданушыларды қызықтыра бастаған. Алайда бұл топқа кіру құны 9000 теңге екен.

“Мұны көріп, сезіктене бастадым әрі сіңлім де бұл алаяқтар деп ескертті. Бір қызығы, топтағылардың көпшілігі бірден келісіп, 9000 теңге жібергені туралы түбіртекті топқа жіберіп, VIP топқа ауысып жатты. Мүмкін, кейбірі келісілген адамдар ма деп те ойладым. Осылайша, қолданушылардың сенімін арттырғысы келген болар. Көпшілік қолдай кеткен кезде, жалғыз өзің қалған біртүрлі болады екен. Меніңше, бұл – психологиялық шабуылдың бір түрі”, – деп пайымдады қыз.

Осыдан кейін алғашқы топты өшіріп, тек ақша төлеп кіруге болатын топ қалған. Мұнда енді бір тапсырма үшін 300 емес, 600 теңгеден беріледі деген. 

“Бір күннен кейін тағы да қымбатырақ топтың ашылатынын айтып, 100 мың теңге жіберсін дейді. Бір топта 13 адам болса, оның он екісі, әлбетте, өздерінің адамдары. Олар бірден ақша жібере бастады. Содан кейін тағы 30 мың жіберсе, одан да жақсы тапсырмалар беріледі деп қызықтырады. Әрине, бәрі жіберіп, түбіртек жіберіп жатқан кезде бір өзің қалсаң, адамға бұл әсер етеді, соған сеніп кетесің”, – дейді ол.

Бақыттың өзі дер кезінде есін жиып, алаяқтың айласынан құтылған. Алайда әлеуметтік желілерінде оқырмандары көп болғандықтан, бұл алаяқтардан зардап шеккендер оған хабарласып, оқиғаларымен бөлісе бастапты. Тіпті арасында 300 мың теңгелік топқа кіріп кетіп, алданған жандар да бар. 

Айтуынша, он шақты адам бірігіп, топтық шағым түсірді. Алайда нәтижесі қалай болатыны әзірше белгісіз.

Сөз соңында Бақыт Қожантаева адамнан ақша сұрайтын жұмыс түрлеріне жоламауға және бейтаныс жандарға ақша жібермеуге кеңес берді.

“Ешкімге ақша жіберуге болмайды. Қаржы мәселесіне келгенде, сыни қараңыздар. “Екі еселеп қайтарамыз”, “көбейтіп алуға болады” деп қызықтыратын жұмыстар расымен күмән тудырады. Мұндай жеңіл ақшаға қызықпаған жөн”, – деп түйіндеді ол.

Талқылау