Өздерін элита санайды: Абай Бегей қазақтілді әншілерді менсінбейтін қазақстандық әншілерді атады
Қазақстан эстрадасы және қазақ эстрадасы! Бүгінде әншілер қауымы дәл осылай екі топқа бөлінуді әдетке айналдырған көрінеді. Әртістер арасындағы өзара текетірес турасында алғаш рет Абай Бегей тіл қатты. Бір сахнада ән салғанымен, бір-біріне сәлем бермейтін жұлдыздардың жай-күйі жайлы «Аспанға қараймын» хитінің орындаушысы Stan.kz тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.
«Бізде қазақ эстрадасымен қатар, Қазақстан эстрадасы бар. Қазақ эстрадасына көптеген әншілер кірмейді. Олар біздерді мойындамайтын сияқты кейіп танытады. Мәселен, қазақ эстрадасына Музарт, Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Заттыбек, Ернар Айдар, «НұрМұқасан» сияқты әншілер жатады. Ал, Қазақстан эстрадасына Лидо, Луина, Мақпал Исабекова, «Ninety one» сияқтылар жатады. Олар біздің салт-дәстүр, анау-мынау дегеннен қақпайды. Бірақ менің ойымша қазақ эстрадасы алда тұр деп ойлаймын. Той жағынан болсын, шоу жағынан болсын. Қайрат Нұртастың өзі барлығын мойындатып жіберді ғой», – дейді Абай Бегей.
Сонымен қатар, жік-жікке бөлінген жұлдыздар сахна сыртында да бір-біріне сәлем бермейтін көрінеді. Өйткені, қазақ эстрадасының құрамына кіретіндер қарапайым әншілерден тұрса, Қазақстан эстрадасының өкілдері өздерін «элиталық» санатқа жатқызатын болып шықты.
«Олар мені тани ма, танымай ма, білмеймін. Әлде танып тұрып, танығысы келмеуі де мүмкін. Түсірілімдерде танысқанымызбен, содан кейін қарым-қатынас жоқ. Өздерін элита санағысы келеді. «Элита-сымақтар» өздерін жоғары санайды. Біздерді ең төменге қояды. Бір жерде кездесіп қалсаң, сенімен дүрыс амандаспайды. Неге? Өйткені олар өздерін басқаша қояды. Бірақ олардың істеп жатқан ештеңесі де жоқ. Халыққа, елге тәрбие беретіндей бейнебаяндарды көрсетіп жатқан жоқ. Ал, былайша келгенде олар «элита» болып қалады», – дейді Бегей.
Қазіргі таңда қазақстандық әншілер арасындағы өзара айқас өрши түскен тәрізді. Абайдың сөзінше бұл жағдайды тез арада шешіп, әріптестер қарым-қатынасын қалыпқа келтіру керектігін айтады. Тіпті, Бегейдің өзі де өнерпаздардың бұл мәселесін талай мәрте бір жақты қылуға талпынып көргенімен, қадамынан түк шықпайтынын түсініпті. Енді жақ-жаққа бөлінген жұлдыздардың жағдайымен аға буын айналысса дейді.
«Бұл енді менің қолымда емес. Егер менің қолымда болса, мен түсіндіріп айтып, қыздар-жігіттер, біз қазақпыз, біз Қазақстанда тұрамыз деп айтар едім. Бірақ, айта алмаймын. Себебі олар түсінбейді. Оларға түсіндіріп айтатын адамдар керек. Әртістер іштей өздерінше бөлініп алған. Олар бізді, яғни қазақ эстрадасының әншілерін ойлайды, «жай жүрген біреулер» – деп. Өздерін алға қояды. Айтып, түсіндірейін десең, бастарын жинап, үлкен буындағы аға-апаларымыз айту керек сияқты. Сол кезде ғана олар түсінетін шығар», – дейді әнші.
Алғашқыда «Аспанға қараймын» жарыққа шыққанда, Абайды «той әншісі» деп келеке қылғандардың қарасы көп болған. Тіпті, аталмыш хиттің орындаушысы өзін біраз уақыт жайсыз сезініп жүргенін де жасырмайды. Ал қазіргі таңда Абай бұрынғы кереғар пікірлердің барлығынан арылғанын айтады. Өйткені, әншінің алғашқы ойынан айнуына өзіндік себебі де бар.
«Мені той әншісі деп қабылдағанымен, «Аспанға қараймынды» Елбасының қызынан бастап, Роза Рымбаева, Музарт, Қайрат Нұртас, Ерке Есмахан, Жанар Дұғалова сынды әншілердің барлығы айтты. Содан кейін мен өзімді төмен түсіріп, олай ойламайтын болдым. Бірақ мені элита-сымақтар білмейді. Мен оларға ештеңе дәлелдегім келмейді», – дейді ашуға булыққан Абай.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
Шымкенттік қыз құдалықта кигізілетін “киіттің” кесірінен тұрмысқа шыға алмай жүр
Билл Гейтстің өзі жемеген: Қоғам белсенділері елді шулатқан торт жайлы
Отандық әнші шетелдік жігіті үшін Малайзияға көшіп, опық жеп қалды
ШҚО-да орталықта тәрбиеленіп жатқан мүгедек жандар шаңырақ көтерді (фото)