Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстанда жанған қоқыстың зиянын Түркістан облысының тұрғындары тартуда

Өзбекстан билігі шекаралас ауылдардағы түтіннің ластану мәселесін жақын арада шешуге уәде береді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Еске салайық, Ташкент облысындағы үйілген қоқысты өртеуден көтерілген түтіннің зиянын Қазақстанның жергілікті елді мекенінің тұрғындары көруде. 

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны әкімшілігі бұл мәселе ауа температурасының жоғары болуына байланысты ескі қоқыстың өздігінен жануында деп түсіндіруде. Ұйым қазіргі таңда полигон орналасқан жерді қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда. Сонымен қатар шекаралық аймақта қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа зауыт салынған, онда жақын арада қалдықтарды сұрыптау жүргізілетін болады. 

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында бұл мәселе Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері деңгейінде көтерілген болатын. Ол кезде қоқыс орнын басқа аймаққа көшіру туралы келісімге келген. Алайда, полигон өкілінің айтуынша, әзірге орын ауыстыру туралы әңгіме болып жатқан жоқ.

"Әкелініп жатқан жаңа қоқыстар аймағынан өрт шығып жатқан жоқ. Барлығы ескі жерден болып жатыр. Жаз ыстық болып тұр ғой, мүмкін түтіннің көтеріліп жатқаны содан да шығар. Біз оны сөндіреміз, бірақ жаңа сұрыптау желісі жұмыс істеп жатқандықтан түтін де, өрт те болмайды деген қорытындыға қайта ораламыз. Егер жаңа орын беретін болса біз көшеміз, бірақ әзірге ондай әңгіме болып жатқан жоқ", – дейді полигонға тиесілі компанияның атқарушы директоры Сайдулла Муталшайхов. 

Талқылау