Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстанда сот орыс тілді оқушыны ұрып-соққан мұғалімге айыппұл салды

Ташкентте сот орыс тілінде сабақ өткізу туралы өтініш айтқан 6-сынып оқушысын ұрып-соққан мұғалім Озода Равшанованы жазалады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Gazeta.uz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

Деректерге сенсек, сот оны балаға тіл тигізу және қасақана жеңіл дене жарақатын салу бойынша әкімшілік баптармен кінәлі деп таныды.

Соттың шешімінде бірнеше құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы бап ескеріліп, жауапкерге әкімшілік жаза түріндегі қатаңырақ жаза тағайындалды. 

"Мемлекет пайдасына 6,8 миллион сум (шамамен 254 788 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Қазір әйел қызын оқытатын мектептің орынбасар директорын ұрып-соққан іс бойынша және ұстауға келген құқық қорғаушыларға қарсы күш қолданғаны үшін қамақта отыр", – делінген сот хабарламасында.



Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде 23 қыркүйекте Өзбекстанның Ташкент қаласындағы №188 мектепте 6-сынып оқушысы мұғалімге орыс тілі сабағын өзбек тілінде жүргізгені үшін ескерту жасаған екен. Ал мұғалім оқушының мойнынан ұстап, оны тақтаға қарай итеріп, бірнеше рет бетінен ұрған. Ресей сыртқы істер министрінің ресми өкілі Мария Захарова бұл мәселе ведомствоның "мұқият бақылауында" екенін мәлімдеді. Ресей мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынаста "ешқандай тілге қатысты дұшпандыққа жол жоқ және болмауға тиіс" деп атап өтті.

Талқылау