Шымкентте тіл мәселесін қозғаған тұрғынға айыппұл салынды
Шымкент полиция департаменті қала тұрғыны Бақытжан Нақыпқа "тіркелмеген ұйымның мүшесі ретінде" қазақ тілі мәселесін көтеріп, қала прокуроры мен тіл жанашырларын Бәйдібек би ескерткішінің алдына шақырғаны үшін айыппұл салды. Бақытжан Нақып тағылған айыппен келіспейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото Бауыржан Нақыптың әлеуметтік желісінен алынған
Мәліметтерге сүйенсек, Бауыржан Нақып TikTok әлеуметтік желісіндегі Qazaq каналында тіркелмеген “Тіл майданы” ұйымының мүшесі ретінде үндеу жариялап, тіл жанашырларын 7 мамыр күні Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан Бәйдібек би ескерткішінің алдына шақырған.
Осылайша ол Әкімшілік кодекстің “Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу” бабы (489-бабы 10-тармағы) бойынша айыпталған. Оған 184 600 теңге (419 доллар) айыппұл салынған.
Дегенмен жауапкер тағылған айыппен келіспеген және әкімшілік хаттамаға қол қоюдан бас тартқан.
Бұдан бөлек Бақытжан Нақып Азаттыққа "Тіл майданы" ұйымы жөнінде ешқашан естімегенін және оған тіркелмегенін айтты.
Белгілі болғандай оқиға 2 мамыр күні қалалық прокуратура кеңсесіне барып, қазақ тілі мәселесін көтергеннен кейін басталған. Бұл хатта ол 7 мамыр күні тіл жанашырларымен бірге қала прокуроры Ғабит Мұқановты кездесуге шақырған. Ол прокурордан прокуратура қызметкерлері қазақ тіліне қатысты заңның орындалуын неге қадағаламайтынын сұрамақ болған.
“Айыппұл салуға негіз жоқ. Прокуратураға жолдаған хат пен әлеуметтік желіде жариялаған үндеуде де “Тіл майданы” ұйымы туралы бір ауыз сөз жоқ. Бұл – жала”, – дейді қала тұрғыны.
Ол TikTok желісіндегі соңғы видеолардың бірінде Шымкент прокуратурасының қақпасында “қызметтік көліктерге ғана арналған” (для служебных автомашин прокуратуры города Шымкент) деген жазу тек орыс тілінде ғана барын, неге мемлекеттік тілде ескерту жазылмағанын алға тартып, полициядан хаттама толтыруды сұрайды.
Оның айтуынша, мұнда тіл туралы заң бұзылып тұр.
Айта кетейік, 7 мамыр қала прокуроры мен тіл жанашырларын кездесуге шақырған күні полиция Бақытжан Нақыпты шақыртусыз үйінен алып кетіп, полиция бөлімінде төрт сағат ұстаған. 11 мамыр күні айыппұл салған.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының тұрғындарымен кездесуінде тіл мәселесіне қатысты өз ұстанымын айтқаны туралы жазған едік. Президенттің пікірінше, орыс тілі конституцияға сәйкес мемлекеттік тілмен тең қолданылады және ресми тілдің қызметін атқарады.
@bakytzhan_nakyp #LIVEhighlights #TikTokLIVE #LIVE #арызпрокуратура ♬ оригинальный звук - bakytzhan_nakyp