Өзбекстанда Nike кроссовкаларын шығару өндірісі жолға қойылды
Трансұлттық Nike компаниясы 2019 жылы Өзбекстанда өз брендімен спорттық аяқ киім шығаруға ресми түрде рұқсат берген еді. Америкалық брендті Өзбекстанға тарту үшін "Узчармсаноат" қауымдастығы әзірлеген арнайы стратегия негізінде Nike өндірушілерінің қатарына қосылды. Өндіріс желісін іске қосу үшін Sino International 5 жыл ішінде Nike талап ететін барлық халықаралық сапа стандарттарын толығымен енгізді. Атап айтқанда, белгілі бір өндірістік желілер құрылып, қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайлары мен жоғары сапаны бақылау ұйымдастырылды. Әлемге әйгілі бренд кроссовкаларының алғашқы партиясы кәсіпорын конвейерлерінен шығып үлгерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Uzdaily басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі таңда IE Sino International компаниясында 50 адам жұмыс істейді. Спорттық аяқ киімнің табаны мен үстіңгі жағын қалыптау желілері іске қосылды. Өзбекстандық мамандардың біліктілігін Nike қытайлық филиалының технологтары, дизайнерлері мен тігіншілері шыңдайды. Қазіргі уақытта кәсіпорын тәулігіне 6000 жұп кроссовка шығарады. Жыл соңына дейін кәсіпорынның қуаттылығын екі есеге арттыру жоспарлануда.
Компанияның қытайлық бөлімшесі Nike кроссовкаларын шығару үшін Өзбекстанды не себепті таңдағанын айтты.
"Бес жыл бұрын біз Өзбекстанның бизнес ортасын зерттеп, жобаларымызды жүзеге асыруға келдік. Мұнда инвесторларға жасалған жағдай мен берілген жеңілдіктерді ескере отырып, бірнеше жобаны жүзеге асыруды мақсат етіп қойдық. Соның бірі былғары-аяқ киім өнеркәсібіндегі жобамыз болды. Нарықты зерттей келе, Өзбекстанға халықаралық брендтерді тартуды жөн көрдік. Біз Қытайдағы Nike филиалына хабарластық. Олар өз талаптарын қойды. Осыдан кейін "Узчармсаноат" қауымдастығымен бірлесе отырып, талаптарды жүзеге асыруға кірістік. Біз жобаны 2019 жылы бастадық. Пандемияға байланысты жабдықты жеткізуде біраз уақыт үзіліс болды. Nike технологтарының келуі де кешіктірілді. Пандемиядан кейін жұмысты қайта бастадық. Өздеріңіз көріп отырғандай, Өзбекстан қазір Nike кроссовкаларын шығарып, халықаралық нарыққа жөнелтеді. Қазір тәулігіне 6000 жұп шығарамыз. Алдағы уақытта жылдық қуаттылықты 3 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты бренд талаптарына сәйкес өндірістік процестерді жақсарту бойынша жұмыс үйлестіруде" - деді Sino International басшысы Хунсюань.
Nike стратегиясы бойынша Өзбекстанда шығарылған кроссовкалар Орталық Азия, Пәкістан, кейінірек Еуропа нарығына жіберіледі.
Nike әрбір спорттық аяқ киім шығаратын ел үшін ресми штрих-код береді. Бұл штрих-кодты Өзбекстан да алды. Әндіжандағы кәсіпорынның әлемдік брендтегі кроссовкалардың барлық үлгілерін шығаруға құқығы бар деген сөз.
"Өнеркәсіпке әлемдік брендтерді тарту – мемлекет басшысы алға қойған басым міндеттердің бірі. Бүгінде осы кәсіпорында жасалған алғашқы Nike өнімдері біз үшін үлкен мақтаныш болып табылады. Бұл жаһандық брендтермен ынтымақтастық орнату үшін үлкен мүмкіндік береді" - деді Қауымдастық төрағасы Фахриддин Бобоев
IE Sino International компаниясы шығарған өнімдер Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан және Тәжікстан нарықтарына жеткізіліп жатыр.
Келесі жылдан бастап әйгілі қызыл жәшіктер Пәкістанға жөнелтіледі. Sino International Adidas брендімен өнім шығаруды меңгеруді мақсат етіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кеткен.