Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстан құрамасы алғаш рет футболдан Әлем чемпионатына шықты

Фото: REUTERS

5 маусымда Абу-Дабиде өткен матчта Өзбекстан құрамасы Біріккен Араб Әмірліктерімен 0:0 есебімен тең ойнап, Азия аймағының A тобында Иранмен бірге Әлем чемпионатына жолдама алатын қажетті ұпай санын жинады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Команданың негізгі ойыншылары қатарында "Манчестер Сити" қорғаушысы Абдукодир Хусанов, "Рома" шабуылшысы Элдор Шомуродов және ЦСКА Мәскеу клубының жартылай қорғаушысы Аббосбек Файзуллаев бар. Қақпашы Ұтқыр Юсупов шешуші матчта бірнеше маңызды сейв жасап, командаға көмегін тигізді.

Осылайша 9 ойында 18 ұпай жинаға Өзбекстан құрамасы төрт жылда бір өтетін әлемдік додаға жолдама алды. Тимур Кападзе шәкірттері 5 ойында жеңіске жетіп, 3 ойында тең түсіп, 1 ойында жеңіліс тапты. Енді команда 10-турда Ташкентте Катарға қарсы соңғы ойынын өткізеді.

Еске салайық, 2026 жылғы Әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Өзбекстан 48 құраманың ішінде алғаш рет қатысатын ел ретінде жаңа форматтағы турнирге жолдама алып отыр.

Бұл жетістік – Өзбекстан футбол федерациясының көп жылдық еңбегінің нәтижесі. Әсіресе жастар құрамаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Жасөспірімдер құрамалары Азия чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, қазіргі ұлттық құраманың табысына негіз қалады.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 05 Маусым, 2025 23:51
Талқылау